Қазақстандағы жерасты суларының қоры қанша

14.02.2025 18:38

Елімізде жыл сайын ауыз су қажеттілігі үшін 1,2 млрд текше метр су жұмсалады

Tim Marshall / Unsplash

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2024 жылы «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметі құрылды. Мекеме еліміздегі су тапшылығы бар өңірлерде жерасты су ресурстарын игеру және пайдалану үшін іздеу-барлау жұмыстарын жүзеге асырады. Республиканың батысындағы елдімекендерді жерасты көздерінен ауызсумен қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.   

Болжам бойынша, Қазақстандағы жерасты суларының қоры шамамен 40 млрд текше метр, оның 15 млрд текше метрі пайдалануға дайын. Елімізде жыл сайын ауыз су қажеттілігі үшін 1,2 млрд текше метр су жұмсалатынын айта кеткен жөн. 

Жерүсті суларының көлемін ұлғайту үшін 2030 жылға қарай жалпы көлемі 2,6 млрд текше метр су жинай алатын 42 жаңа су қоймасын салу жоспарланып отыр.  

«Біз қоғамда ресурстарды үнемдеп пайдалану мәдениетін қалыптастыру маңызды екенін талай жылдан бері айтып келеміз. Бірақ азаматтарға үндеу тастау жеткіліксіз. Бұдан бөлек, ресурстарды тұтынудың әлеуметтік нормаларын енгізу қажет. Үлгі етуге болатын жақсы мысалдар бар»,- деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында су саласын цифрландыру, заманауи су үнемдеу технологияларын енгізуді ынталандыру және құрғақшылыққа төзімді ауыл шаруашылығы дақылдарына көшу, сондай-ақ ірі елді мекендерде тазартылған сарқынды суды қайта пайдалану бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде. Сонымен қатар тұрмыстық жағдайда су үнемдеу бойынша әдістемелік нұсқаулық бекітілді. 

Су үнемдеу озық технологияларын енгізуді жеделдету аясында кәсіпорындарды өнеркәсіпте суды қайта пайдалану жүйелеріне көшуге ынталандыру бойынша іс-шаралар әзірленді.

Оқи отырыңыз: Сумен қамту сапасын жақсарту: Қазақстанда 2 мың шақырымнан астам құбыр салынады