БЖЗҚ активтері 25 пайызға өскен

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстандықтардың бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы активтері 23 триллион теңгеге жуықтады. Бір жыл ішінде бұл сома 4,5 триллион теңгеге немесе 25 пайызға өскен, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бейнеттің зейнетін көретін шақта жинақтағы қаражаттың жеткілікті болуы маңызды. Ол үшін сіздің ай сайын төлеп отырған жарнаңыздан бөлек, қордағы қаржы мемлекет тарапынан да толықтырылып отырады. Зейнетақы жинақтары зейнетақы жарналары мен инвестициялық кіріс есебінен ұлғаяды. Инвестициялық табыс зейнетақы жинақтарының едәуір бөлігін құрайды және жыл сайын оның үлесі артып келеді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша зейнетақы активтеріндегі инвестициялық табыс 42 пайызға жеткен. 2023 жылы бұл көрсеткіш 37 пайыз болған. Үш жыл бұрын 36, ал 2015 жылы небәрі 16 пайызға жуықтаған. Соңғы 10 жылда зейнетақы қаражатын инвестициялау тиімділігі айтарлықтай артып отыр. Сәйкесінше, бұл жинақтардың жалпы сомасының ұлғаюына ықпал етеді. Елдегі инвестициялық табыстың әлеуеті қандай? Бұл жөнінде сарапшының пікірін білсек.

«Қазақстанның Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын қарастыратын болсақ және оның инвестициялық декларациясына көз жүгіртсек, бұл – стандартты, консервативті институт. Демек, үлкен тәуекелге бармайды және жоғары табыс әкелмейді. Алайда соңғы жылдардағы көрсеткіштерге мән берсек, оның инфляция деңгейінен асуға тырысып жатқанын байқаймыз. Сонымен қатар бізде заңнамалық міндеттемелер бар. Онда зейнетақы жинақтары инфляциядан зардап шекпеуі керек. Зардап шеккен жағдайда мемлекет жинақтарды индекстеуге міндеттеледі», – деді сарапшы Сергей Домнин.

Мұндай инвестициялар ұзақ мерзімге есептелген, сондықтан олардың динамикасын бір жылдан аз уақыт аралығында қарастыру қате пікір. Биыл қаңтардағы доллардың теңгеге шаққандағы бағамының төмендеуі мен құнды қағаздарды қайта бағалау нәтижесінде зейнетақы активтері бойынша инвестициялық табыстың төмен көрсеткіші әсер еткен. Сарапшылардың айтуынша, бұл жинақтау қорындағы қаржының жоғалғанын білдірмейді. 2024 жылдың қаңтар-мамыр айларында да ұқсас жағдай болған. Нақтырақ айтсақ, шетел валютасын қайта бағалаудан 46,8 миллиард теңге шығын тіркелсе, қаңтар-шілде айларында бағалы қағаздарды қайта бағалаудан 85,7 миллиард теңге залал келген.

Бірақ 2024 жылдың жалпы қорытындысы бойынша жағдай түбегейлі өзгеріп, оң нәтиже көрсетті. 12 айдың ішінде міндетті, кәсіптік және ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан инвестициялар былай бөлінеді.

Бағалы қағаздарды қайта бағалаудан түскен табыс – 200 миллиард теңгеден астам, шетел валютасын қайта бағалаудан – шамамен 579 миллиард теңге түскен. Ал бағалы қағаздардың сыйақы түріндегі табысы – 1,6 триллион теңге, активтерден түскен табыс – 1 триллион теңгеден асады. Басқа кірістер – шамамен 6 миллиард теңге. Осылайша былтыр қазақстандықтардың инвестициялық табысы 3 триллион теңгеден асқан. Бұл көрсеткіштер инвестициялау динамикасының маңыздылығын көрсетіп, қысқа мерзімді ауытқуларға негізсіз алаңдамау керек екенін дәлелдейді. Бұл – өте маңызды.

Оқи отырыңыз: Халықтың 70%-ы еліміз дұрыс бағытта дамып жатыр деп есептейді – зерттеу

 

 

Новости партнеров