Еліміз Түркияға ет экспорттамақ

20.02.2025 20:52

Соңғы үш жылда Қазақстаннан Түркияға 700 мың тонна өсімдік өнімі экспортталған

Еліміз алдағы уақытта Түркияға ет экспорттамақ. Бұған дейін Қазақстан ол мемлекетке тек өсімдік шаруашылығы өнімдерін сатып келген. Ауыл шаруашылығы вице-министрінің мәліметінше, былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 285 миллион долларға жеткен, деп хабарлайды Almaty.tv.

Соңғы үш жылда Қазақстаннан Түркияға 700 мың тонна өсімдік өнімі экспортталса, Түркиядан 40 мың тоннаға жуық ауыл шаруашылығы дақылы мен 3 мыңға тарта тұқым импортталған. Ведомство өкілі алыс-беріс кезінде түрік тарапынан 76 рет заң бұзылғанын айтты. Салдарынан 100 тонна өнім жойылып, 16 мыңнан астам гүл кері қайтарылған. Мұндай олқылықтарды болдырмау үшін Сенат депутаттары тиісті заң жобасын қарады.

"Алдағы уақытта анықтаған фактілер бойынша тиісті тексеру жұмыстарын жүргізеді. Карантиндік нысандар анықталады және сол мекемеден мемлекетке экспорттауға мүмкіндік жойылады", – деді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы.

Өз кезегінде вице-министр әлеуметтік желіде тараған «қоймалардағы сәбіздер жаппай бүлініп жатыр» деген ақпаратты жоққа шығарды. Елімізде сәбіз қоры жеткілікті.

"Фитосанитарлық сертификат тұрақты түрде беріліп жатыр. Оған ешқандай тосқауыл, шектеу жұмыстары жүріп жатқан жоқ. Сол себепті тиісті біздің мекемелер өнімін экспорттап жатыр, сонымен қатар сәбізге ішкі нарықта да сұраныс өте жоғары", – деді Ермек Кенжеханұлы.

Оқи отырыңыз: Мәжіліске Салық кодексінің жобасына түзетулер пакеті енгізілді