Энергетика министрі мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту жұмысын жеделдетуді тапсырды
ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ және төрт мұнай өңдеу зауыты – Атырау, Павлодар, Шымкент және Ақтау битум зауытының басшылығымен өткізген жұмыс кеңесінде Қазақстанның мұнай өңдеу саласын дамыту, оны терең өңдеудің жаңа кезеңіне көшу және еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қаралды, деп хабарлайды Аlmaty.tv министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Стратегиялық көзқарас мұнайды ел ішінде өңдеу көлемін қазіргі 18 млн тоннадан 2040 жылға қарай 38 млн тоннаға дейін арттыруды көздейді. Аралық мақсат – 2032 жылға қарай 28 млн тоннаға қол жеткізу. Бұл ұзақ мерзімді жоспарларды іске асыру Қазақстанға өңделетін мұнай үлесін айтарлықтай арттырып, өндірілетін ресурстарды тиімді пайдалануға және қосылған құны жоғары өнім шығаруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар мұнай өңдеу тереңдігін әлемдік үздік стандарттарға (94%) жеткізу, жоғары экологиялық класты отын (К5 және Jet A-1 авиаотыны) өндіруге толық көшу, ішкі және сыртқы нарықтарда сұранысқа ие мұнай-химия өнімдерінің өндірісін едәуір арттыру, сондай-ақ МӨЗ-дердің жалпы технологиялық күрделілігі мен тиімділігін арттыру міндеттері қойылды.
«Біз бүгінде ішкі нарықты жанармаймен қамтамасыз етіп қана қоймай, технологиялық егемендік пен алдағы онжылдықтарға тұрақты дамудың негізін қалауымыз керек. Тұжырымдамада бағыт-бағдар берілген, бірақ оның табысты жүзеге асуы біздің тиімді жұмыс істей білуімізге, батыл шешеімдер қабылдауға және сол үшін жауапкершілікті өзімізге алуға байланысты. Уақытты босқа кетіруге болмайды, еліміз нақты нәтижелерді –замануи зауыттар, жоғары сапалы өнім және сенімді энергеиямен қамтамасыз етуді күтуде», - деді ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.
Жиын барысында Шымкент МӨЗ-інің қуатын екі есеге арттыру жобасы бойынша техника-экономикалық негіздемені әзірлеу жұмыстарын жеделдету және серіктестермен келісімдерді шұғыл түрде аяқтау қажеттігі айтылды.
«Павлодар мұнай-химия зауытына кеңейтудің келесі кезеңіне арналған техника-экономикалық негіздемені (ТЭН) әзірлеуді дереу бастау тапсырылды. Атырау МӨЗ-іне қолданыстағы жобаларды іске асыруға және болашақтағы қуаттылықты арттыруға дайындықты күшейту қажет. Caspi Bitum зауытына жаңғыртудан кейін іске қосу-реттеу жұмыстарын уақытында аяқтап, тұрақты өндірістік режимге шығу тапсырылды», - делінген хабарламада.
Жағдайды тұрақты бақылау және мәселелерді жедел шешу үшін мұндай кездесулер МӨЗ басшылығымен тұрақты түрде өткізілетін болады. Зауыт басшыларына екі апта ішінде айтылған тапсырмалардың орындалуы бойынша қабылданған нақты шаралар туралы Министрлікке есеп беру тапсырылды.
Оқи отырыңыз: Семейде өртеніп жатқан үйден әйел адам құтқарылды