Баға тағы да өсті. Ақпандағы инфляция деңгейі 9,4 пайыз болды. Ақылы қызметтер бір жыл ішінде 14,1 процент, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 8,7 пайыз қымбаттаған. Аймақтардағы орташа республикалық деңгейден асатын ең жоғары айлық инфляция сегіз өңірде тіркелді. Олардың арасында ең жоғарысы Астанада - 12,7 пайыз, Ақмола облысында - 10,7 пайыз, Батыс Қазақстанда - 10,5 пайыз. Бұл Ұлттық статистика бюросы таратқан мәлімет, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сарапшылар «аспандаған азық-түлік бағасы мен әзірге иірімі июге келмейтін инфляцияны ауыздықтау оңай емес» дейді. Мәселенің мәнісі – тапшылық, Елімізде инфляция деңгейі ақпанда 9,4 пайызға жеткен.
Атап айтсақ, азық-түлік пен алкогольсіз сусындар, тұрғын үй қызметтері, денсаулық сақтау, киім және аяқ киімде айтарлықтай өсім бар. Әлбетте, бұл – экономиканың негізгі көрсеткіштеріне әсер ететін маңызды фактор. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен ақылы қызметтердің қымбаттауы инфляцияның артуына ықпал еткенін көрсетеді. Соңғы аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі 0,3 пайыз, яғни жыл басынан бері 2,2 процентке өсті. Бұл көкөністердің маусымдық қымбаттауына байланысты. Сондай-ақ сиыр еті мен күнбағыс майының бағасы да шарықтап шыға келді. Жекелеген өнімдер бойынша бағаның күрт көтерілгені байқалды. Ет және ет өнімдері бір жыл ішінде 6,2 пайыз, жемістер мен көкөністер 9,3, сүт өнімдері бағасының 6,1, май өнімдері 10,5 прцентке қымбаттаған. Алкогольсіз сусындар, нан өнімдері мен жарма, картоп, пияз және қырыққабаттың құны өскен. Өткен жылдың ақпан айымен салыстырғанда картоп – 62,1, пияз – 27,3, қырыққабат – 20,2, сары май – 12,2, жеміс және көкөніс шырындары 10,6 пайыз қымбаттаған. Мұндай өсімнің болуына маусымаралық тапшылық, логистикалық шығындардың көбеюі мен тұрақтандыру қорларының жеткіліксіз жұмысы да әсерін тигізеді. Алайда бағаның төмендеу көрсеткіші де кездеседі. Мәселен, қарақұмық жармасы - 20,4, сәбіз – 6,6, күріш – 5,7, жұмыртқа - 5,3 пайыз төмен түскен. Дегенмен барлық аймақта инфляция деңгейі біркелкі емес. Ал бағаның күрт өсуін болдырмау үшін үкімет бірқатар шараны қолға алды. Алматыда да әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша кешенді жұмыстар қабылданды.
«Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы осы мақсатта бірқатар стратегиялық қадамды іске асырып келеді. Соның бірі – аймақтық тұрақтандыру қорын басқару. Өндірушілер мен қайта өңдеушілермен форвардтық келісімшарттар жасалып, негізгі азық-түлік тауарларының қоры жасақталуда. 2023-2024 жылдары 7500 тонна қант пен 1000 тонна күріш сатып алынды. Қазір 3700 тонна қант пен 991 тонна күріш қоры сақтаулы. Баға тұрақтылығын қамтамасыз етудің тағы бір маңызды тетігі – кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру. Бұл қадам жергілікті өндірушілер мен бөлшек сауда орындарына өнімді тұрақты көлемде және қолайлы бағамен сатып алуға мүмкіндік береді. 2024 жылы осындай келісімдердің бірі «Сары-Бұлақ» компаниясымен жасалды. Келісім бойынша 86,4 миллион дана жұмыртқаның бағасы үш жыл бойы тұрақты деңгейде сақталмақ. Сондай-ақ «Алатау-Құс» компаниясымен де келісім жасалды», – деді «Алматы» ӘКК Азық-түлікпен қамтамасыз ету және сауда департаментінің директоры Азизжан Тұрғанов.
Алматылықтарға қолжетімді бағамен азық-түлік ұсыну мақсатында «Жексенбілік жәрмеңкелер» ұйымдастырылып келеді. Алып шаһардың барлық ауданында өтетін бұл іс-шаралар жергілікті фермерлерге өз өнімдерін делдалсыз сатуға септігін тигізсе, қала тұрғындарына сапалы әрі арзан азық-түлік сатып алуға мүмкіндік берді. Бұдан бөлек, аталған корпорация өкілдері Алматының ірі сауда желілерімен байланыс орнатып, әлеуметтік маңызы бар өнімдерді халыққа төмендетілген бағамен ұсынып отыр. Ауқымды жұмыстардың нәтижесінде Алматы инфляция деңгейі бойынша 20 өңірдің ішінде 13-орында тұр. Дегенмен бұл көрсеткішке тоқмейілсіп отыруға болмайды. Мамандар «әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын тұрақтандыруға бағытталған шаралар алдағы уақытта да жалғасады» дейді. Қазір 2026-2027 жылдарға көкөніс өнімдерін сатып алу бойынша келіссөздер жүргізілуде. Сонымен қатар сүт өнімдері мен тағы 11 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түріне бағаны тұрақтандыру жоспары әзірленіп жатыр. Бұл халықтың күнделікті тұтынатын өнімдерінің қолжетімділігін қамтамасыз етіп, бағаның маусымдық ауытқуын азайтуға және инфляция деңгейін төмендетуге бағытталған.
Оқи отырыңыз: Алматыға былтыр келген туристер саны 2 миллионға жуықтады