Алматылықтар азық-түлікке еліміздің басқа өңірлерімен салыстырғанда 38 пайызға артық қаражат жұмсайды
Алматылықтар азық-түлікке еліміздің басқа өңірлерімен салыстырғанда 38 пайызға артық қаражат жұмсайды. Бұл ел бойынша жүргізілген зерттеу нәтижесінде анықталған, деп хабарлайды Almaty.tv.
2024 жылдың үшінші тоқсанындағы көрсеткіш бойынша қазақстандықтардың азық-түлік пен алкогольсіз сусындарға жұмсаған орташа шығыны жан басына шаққанда 135,2 мыңға жеткен. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,7 пайызға артық. Көш бастап тұрған Алматы қаласы. Мегаполистегі ас-ауқатқа кеткен ақша адам басына шаққанда 186,7 мың теңге. Соңғы статистикамен салыстырғанда, бұл көрсеткіш 6,1 пайызға артқан және елдегі орташа шектен 38,1 пайызға жоғары. Екінші орында 160,4 мың теңгемен Астана қаласы тұр. Одан соң ШҚО, тұрғындар ішіп-жемге 150,6 мың теңге жұмсайды. Басқа өңірлерде айтарлықтай айырмашылық байқалмаған. Біз бұл мәселе бойынша сарапшының пікірін де білген едік. Маман қымбатшылықты импортпен байланыстырып, нақты шешімдер мемлекеттік деңгейде қарастырылу қажет екенін алға тартты.
"Біз осы жылға дейін қанша қазба байлақты экспортқа шығарып, соның арқасында өмір сүріп, күн көрдік. Бірақ инфраструктура құрып, өзіміздің агроферма сияқты зауыттар, фабрика салуымыз керек еді. Үкіметтің мүмкіншілігі жоқ. Қоймаларды шығарып, логистика дамытсақ, азық-түлік бағасына сәл әсер етуі мүмкін", – деді экономист Бекнұр Қисықов.
Қазақстандықтардың қорекке жұмсайтын қаражатының үштен бір бөлігі, яғни, 32,9 пайызы ет өнімдеріне тиесілі. Нақтырақ айтсақ, жан басына шаққанда 44,4 мың теңге. Ал көп сатып алынатын тағам түріне нан және бидай өнімдері, сүт, жеміс-жидектер, қант, кондитерлік тәттілер, балық өнімдері мен жұмыртқа жатады. Ал алкогольсіз сусындарға орташа есеппен 6,1 мың теңге жұмсалған. Байқасаңыздар, етке сұраныс өте жоғары.
Қазақстан мен әлем елдеріндегі азық-түлік себетінің құнына тоқталатын болсақ, бізде Еуропа елдері мен АҚШ-қа қарағанда баға айтарлықтай төмен көрінеді. Numbeo.com деректер базасының 12 қаңтардағы мәліметінше, Қазақстан азық-түлік себеті құнымен 148 мемлекет арасында 125-орынға тұрақтаған. Ондағы баға көрсеткіші 21,4 мың теңге немесе 39,3 еуроға тең. Ең қымбат азық-түлік себеті Бермуд, Кайман және Виргин секілді арал елдерінде. Ондағы баға Қазақстанмен салыстырғанда 3-4 есе жоғары көрінеді. Яғни, 94 мың теңгеге дейін барады. Себеттің негізгі құрамына сиыр еті, тауық еті, сүт, жұмыртқа, нан, күріш, көкөністер мен жеміс-жидектер, бір бөтелке су және шарап кіреді. Ал көршілес елдермен айырмашылық аса байқалмайды. Мысалы, бауырлас қырғыз елі тағам себеті үшін 40 еуро төлесе, Ресей мен Өзбекстандықтар жұмсайтын қаражат 36 еуро шамасында.
Азық-түлікпен қоса, киім-кешек, қоғамдық тамақтану және ақылы қызметтерді ескергенде, елдегі өмір сүру құны төмен деңгейде. Яғни, 139 елдің ішінде 114-орындамыз. Қаңтардағы соңғы мәліметтерге сәйкес, аталған индекс бізде 26,6 болған. Бұл Нью-Йорктегі дәл осындай тауарлар Қазақстанда 73,4 пайызға арзан екенін көрсетеді. Ал Еуропа елдерінде бұл индекс Нью-Йорк жағдайына әлдеқайда жақын. Дегенмен аталған көрсеткіштерді халықтың табыс деңгейімен бірге бағалаған жөн. Осылайша, Қазақстанда азық-түлік шығындары жылдан-жылға артып келеді деген тұжырым пайда болады. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2024 жылдың маусым-қыркүйек айларында бір отбасының азық-түлік шығыны 493,6 мың теңгеге жеткен. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,6 пайызға жоғары.
Оқи отырыңыз: Министрлік электр энергиясының шекті тарифін бекітті