Биыл 45 жобаны іске асыру үшін 66 млрд теңге бөлінді
Мемлекет басшысының «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» Ұлттық құрылтайдың отырысындағы тапсырмасы бойынша 2024 жылы 1 700 шақырымнан астам газ құбыры салынып, 300 мыңнан астам азамат көгілдір отынға қол жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚР Энергетика министрлігіне сілтеме жасап.
Елдімекендерді газдандыру халықтың өмір сүру сапасын жақсартып, экологияның ластануын төмендетеді, баламалы отын сатып алуға кететін қаражатты үнемдейді және өңірлердің инвестициялық тартымдылығын арттырады.
2025 жылы мемлекет 7 елдімекенді газдандыруға арналған 45 жобаны іске асыру үшін 65,9 млрд теңге бөлді.
Аталған жобаларды іске асыру елді газдандыру деңгейін 62 %-ға дейін арттырады немесе 12,4 млн-нан астам адам газға қол жеткізеді.
"Финская-120" автоматтандырылған газ реттеу станциясын және магистральдық газ бұру құбырын салу - Атырау облысындағы ірі жобалардың бірі.
Бұл жобаны іске асыру Атырау қаласының еуропалық бөлігін қажетті газ көлемімен қамтамасыз ету үшін газ құбырының өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді, бұл өңірдегі өнеркәсіпті дамытуға үлкен серпін береді.