Мемлекет басшысы көршілес елдермен ынтымақтастықты нығайтудың маңызды екенін айтты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент қаласының жұртшылығы алдында сөйлеген сөзінде жаһандық ахуалға мейлінше бейімделіп жұмыс істеу, яғни, әр қадамды мұқият ойластырып, салмақты шешімдер қабылдау арқылы Қазақстан экономикасын түрлі сын-қатерден сақтап қалу маңызды екеніне тоқталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
– Сондықтан Үкімет кез келген мәселені алдын ала қарастырып, тиімді және батыл әрекет етуге тиіс. Еліміздің мүмкіндіктері мол, әлеуеті орасан зор. Қаңтар-наурыз айлары бойынша ішкі жалпы өнімнің өсімі 5,8 пайыз болды. Бұл – қазіргі күрделі жағдайда өте жақсы көрсеткіш деп күмәнсіз айтуға болады. Ұлттық экономикамыз негізінен көлік саласы, құрылыс саласы, өнеркәсіп және сауда-саттық есебінен дамып жатқанын атап өткім келеді. Бұл – өте маңызды жетістік. Сонымен қатар әлемдік дағдарыс күшейіп кеткен жағдайда еліміз Ұлттық қор резерві мен алтын валюта қорының мүмкіндіктерін қолдана алады. Осындай күрделі уақытта біздің кәсіпкерлеріміз де ерекше белсенді жұмыс істейді деп сенемін. Себебі оларды ешқандай қиындыққа қарамай еңбек ете алатын нақты істің адамдары деп есептеймін. Бізге қазір құр сөздің еш қажеті жоқ. Біз бәріміз бір ел болып тек табанды және тиімді жұмыс істеуіміз керек, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың жауапты мүшесі ретінде ашық сауда, тауарлар мен қызметтердің еркін қозғалысы қағидаттарын берік ұстанады.
Сондай-ақ еліміз барлық серіктестерімен өзара сенімге, ашық диалогқа негізделген қарым-қатынас құрады.
– Сауда-саттық – дамудың көзі. Жекелеген елдермен қатар, тұтас аймақтардың өзі сауданың арқасында өркендеп, көркейе түсті. Қазақстан Шығыс пен Батысты, Солтүстік пен Оңтүстікті жалғайтын сауда жолдарының тоғысында тұр. Бұл – біздің географиялық ерекшелігіміз ғана емес, тарихи тағдырымыз деуге болады. Демек, біз еліміздің маңдайына жазылған осы стратегиялық мүмкіндікті ұтымды пайдалануымыз керек. Сондықтан Қазақстан аса маңызды халықаралық көлік-логистика жобаларын жүзеге асыру ісіне белсенді түрде қатыса бермек.
Біздің негізгі мақсатымыз бәріне түсінікті деп ойлаймын. Біз тағдыр қосқан көршілес елдермен жемісті және жан-жақты ынтымақтастықты нығайта береміз. Ұлт мүддесін бәрінен биік қойып, байыпты және байсалды сыртқы саясатты жүргіземіз.
Қазақта «Көрші ақысы – Тәңір хақысы» деген сөз бар. Көрші мемлекеттердің бәрімен тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Біз қашанда бұл мәселеге айрықша мән береміз. Көршімізде өрт шықса, оның жалыны бізді де шарпиды. Сондықтан іргелес елдердің бәрінде тыныштық пен тұрақтылық болғанын қалаймыз. Әрине, мұның барлығы – уақытша қиындықтар. Ең бастысы, біздің бағдарымыз айқын, жолымыз ашық. Алға қойған мақсаттарымызды міндетті түрде іске асырамыз. Үкімет пен әкімдердің негізгі міндеті – қолға алған реформалар мен жобаларды тиянақты жүзеге асыру. Сонда ғана ұлттық экономикамыз да тұрақты даму жолына түспек, – деді Президент.
Оқи отырыңыз: Қазақстан жан-жақты жаңғыру жолынан ауытқымайды – Президент