Үкімет қосылған құн салығының базалық мөлшерлемесін 16 пайызға көтеруді ұсынып отыр
Үкімет қосылған құн салығының базалық мөлшерлемесін 16 пайызға көтеруді ұсынып отыр. Әзірге бұл - 12 пайыз. Қосылған құн салығына қатысты Салық кодексіндегі өзгерістер 20 ақпанға дейін мәжіліске ұсынылуы тиіс. Ал мұны талқылау үшін құрылған 6 жұмыс тобы аймақтарда түсіндіру жұмыстарын бастап кетті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мәселен бүгін Сыр өңірінде Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Құдайбергенов кәсіпкерлермен жаңа бастаманың жай-жапсарын талқыға салды.
"Кәсіпкерліктің субъектілері 4 пайыз ҚҚС төлейді. Мемлекетте 2 млн 100 мың кәсіпкерлік субъектісі болса, оның 4 пайызы яғни 80 мыңы ғана ҚҚС төлейді. Халықаралық тәжірибені бәрін қарап шықтық. Өзбекстанда, Ресейде, Қырғызстанда ҚҚС шектік мәні бізден төмен", – деді ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Құдайбергенов.
Айта кетейік, қосылған құн салығының базалық мөлшерлемесі үш санатқа жіктелмек. Яғни, 16 және 10 пайыздық төлем жүйесімен қатар, салықтан түбегейлі босатылатын салалар бар. Әзірге ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін кәсіпкерлер осы жеңілдікке ілігіп отыр. Жиында жергілікті тауар өндірушілер заңнамадағы кем-кетікті нақты көрсетіп берді.
"Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер тауарын, күрішті 0 процентпен сатады. Қазақстан мекемелер сатып алғаннан кейін, үстеме баға 15 пайыз қосады. Өйткені ол әлеуметтік маңызы бар азыө-түлік. Бізден 0 пайызбен алып, ҚҚС 16 пайыз төлейді. Кім сатып алады? Өз елінде тұрып, өзге елдің өнімін сатып алғандай болады", – деді Күріш өндіруші шаруашылықтың өкілі Сәуле Әлменаева.
Оқи отырыңыз: Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер ҚҚС-тан босатыла ма