Министр картоп бағасының қашан тұрақталатынын айтты

21.01.2025 16:37

Сауда және интеграция министрлігі картоп бағасының күрт көтерілуінің басты себебін атады

Қазақстанда картоп бағасы 2-3 күнде тұрақтанады. Ауыл шаруашылығы министрлігі осындай болжам жасап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Егіншілік департаментінің директоры соңғы үш күнде оның құны төмендеп келеді дейді. Оның айтуынша, Астанада картоптың келісі кеше 433 теңге болса, бүгін ол 280 теңгеден сатылып жатыр екен. Маман алдағы күндері басқа өңірлерде де осындай тенденция орнауы керек деп сендірді.   

"Қазақстанның картобы ішкі нарықпен қатар, өзге мемлекеттерде сұранысқа ие екенін де айту керек. Бұл бір жағынан, ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер үшін жақсы. Өйткені өз өнімдерін тиімді бағада сата алады. Алайда баға ішкі факторға әсерін тигізіп отыр. Яғни, сыртқы нарықта жоғары сұраныс болғандықтан, ішкі баға да көтеріліп кетті. Бұл мәселені тұрақтандыру үшін картоп экспортына тыйым салынды", - деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі егіншілік департаментінің директоры Назгүл Хатепова.

Ал Сауда және интеграция министрлігі картоп бағасының күрт көтерілуіне Ресейдегі жағдай мен экспорт себеп деп отыр. Жауаптылар «сыртқа шығаруға тыйым салынғаннан кейін баға тұрақтайды» деп сендірді. Қазір елде картоп қоры жеткілікті екен.  

"Тұрақтандыру қорын аштық. Осы жағдай бойынша, мысалы, бізде 87 мың тонна картоп қоры болған. Бүгінде 62 мыңдай тоннасы бар. Картоп әр өңірдегі әлеуметтік дүкендерде халыққа сатылып жатыр", - деді ҚР Сауда және интеграция министрлігі сауда комитеті төрағасының орынбасары Ернұр Жәутікбаев.

Оқи отырыңыз: Картоп бағасы қымбаттады: Түркістан облысында қандай шара қабылданып жатыр