Министр тасқын суды су қоймаларына жинауды тапсырды

19.03.2025 15:47

Былтыр еліміздің су қоймаларына 75 млрд текше метр су жиналды

Аlmaty.tv

Су ресурстары және ирригация министрі экономика қажеттілігі мен экожүйені сақтау үшін еліміздің су қоймаларына тасқын суды жинауды тапсырды, деп хабарлайды  Аlmaty.tv ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов барлық жауапты мекеме басшыларына еліміздің су қоймаларына тасқын суды жинау жұмысын ұйымдастыруды тапсырды. Бұл су алдағы уақытта экономика қажеттілігі мен жергілікті экожүйені сақтау үшін пайдаланылады. Сондай-ақ еріген қар суы өзен-көлдерге, шабындық жерлер мен табиғи жайылымдарға жіберіледі. Қоймаларға жиналған тасқын суы суару маусымында егістікті суару үшін шаруаларға да беріледі.

Су ресурстары және ирригация министрлігі су тасқыны кезінде гидротехникалық құрылыстардың жұмысын реттейтінін атап өткен жөн. Су қоймалары – ең маңызды стратегиялық нысандардың бірі.

Айта кетейік, былтыр еліміздің су қоймаларына 75 млрд текше метр су жиналды. Бұл бір жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда 15 млрд-қа көп. Жиналған судың 12 млрд-тан астамы – тасқын су.

Балқаш көліне 3,3 млрд текше метр, Каспий теңізіне шамамен 6 млрд текше метр су жіберілді. Батыс Қазақстан облысындағы соңғы жылдары құрғауға айналған Қамыс-Самар көлдер жүйесіне 80 млн текше метр тасқын су жіберілді. Ұлытау облысынан Қызылорда облысының көлдер жүйесіне 839 млн текше метр су жіберілді. 2000 жылдан бері алғаш рет Тобыл өзенінде үлкен көлемде су ағыны байқалды.

Шабындық жерлер мен табиғи жайылымдарға су жіберу мал шаруашылығын қажетті жем-шөп базасымен қамтамасыз етуге оң әсерін тигізді. Ал Астана су қоймасына тасқын суын жинау 2 млрд теңгеге жуық қаржы үнемдеуге мүмкіндік берді. Себебі, су қоймасына Қ. Сәтбаев атындағы каналдан қосымша су жіберу қажеттілігі туындамады.

«Еліміздің су қоймаларында тасқын суын қабылдауға және қауіпсіз өткізуге қарқынды дайындық жүріп жатыр. Солтүстік, батыс, шығыс және орталық өңірлердің су қоймаларында бос сыйымдылықтар дайындау үшін су жіберілуде. Ал, еліміздің оңтүстігіндегі су қоймалары алдағы суару маусымында жергілікті дихандарды суармалы сумен қамтамасыз ету үшін белсенді су жинап жатыр. Біз барлық су қоймаларына шаруалар үшін қажет суды барынша мол жинап, оны жазда пайдаланамыз», - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Оқи отырыңыз: Бәсекелестікті қорғау агенттігі "Қазақтелекомға" қатысты тергеу ісін бастады