Президент Шымкенттегі бірқатар маңызды нысанды аралап, кәсіпкерлермен кездесті

Ақорда
Ақорда

Қаладағы 50-ге жуық өңдеуші кәсіпорын былтыр 168,5 млрд теңгенің өнімін шығарған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мемлекет басшысы Шымкент қаласына жұмыс сапары барысында қаланың әлеуметтік-экономикалық даму тынысымен танысып, бірқатар нысанды аралады, деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.   

Қасым-Жомарт Тоқаев ең алдымен Шымкент әуежайының жаңа терминалымен танысты.

Мемлекет басшысының қаланы дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында салынған әуе айлағының құрылысына жеке инвестор 24 миллиард теңге қаражат жұмсаған.

«Президентке Қазақстанның оңтүстігінде бірегей авиациялық хаб қалыптастыру өңірдегі әуе қатынасының бағыт санын 17-ден 59-ға дейін ұлғайтуға, сондай-ақ Еуропа мен Азияның бірқатар еліне рейстер ашуға мүмкіндік беретіні жөнінде баяндалды», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы стратегиялық маңызы зор Батыс Қытай – Батыс Еуропа көлік дәлізіне жақын орналасқан Almaar Logistics сауда-логистика орталығына барды.

 Аумағы 24 мың шаршы метрді құрайтын көп функционалды кешен құрылысына жеке инвестор 14,8 млрд теңге қаржы құйған.

«Орталық өнім сақтаудың озық технологиясымен жабдықталған. Атап айтқанда, тез бұзылатын азық-түлікті ұзақ сақтамай, барынша жедел таратуға мүмкіндік беретін жүйе енгізілген», - делінген Ақорда хабарламасында.

Президент сонымен қатар қаладағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесін аралап көрді.

Қаладағы 50-ге жуық өңдеуші кәсіпорын былтыр 168,5 млрд теңгенің өнімін шығарған.

«Қасым-Жомарт Тоқаевқа жылыжай кешендерін салуға түркиялық Alarko Holding компаниясы 650 млн доллар, ал Польшаның Fabe Polska SP кәсіпорны 136 млн доллар көлемінде инвестиция құюға ниетті екені айтылды, - делінген хабарламада.

Президент аялдаған тағы бір нысан – жаңадан ашылған Coca-Cola Içecek Kazakhstan зауыты.  

Озық технологиялармен жабдықталған және автоматтандыру деңгейі өте жоғары кәсіпорын жылына 283 млн литрге дейін сусын шығара алады.

Мемлекет басшысы өндіріс барысымен танысқан соң, өңірдің экономикалық өсіміне серпін беретін ірі инвестициялық жобаларды қолдаудың маңызын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент қаласының кәсіпкерлерімен кездесті.

Оқи отырыңыз: Мамырда қазақстандықтар қанша күн демалады

Новости партнеров