Үкіметтің кеңейтілген отырысы: сарапшылардың пікірі қандай

Сарапшылардың айтуынша, ел экономикасының өсу қарқынын сақтап қалуға биліктің қауқары жетеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ел экономикасының өсу қарқынын сақтап қалу керек. Сарапшылардың айтуынша, биліктің бұған қауқары жетеді. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы да экономиканың өсіп жатқанын айтып, алайда шешімін таппаған түйткілдердің әлі де көп екенін тілге тиек еткен еді. Жайбарақат отыруға болмайды деген Президент, экономикаға инвестиция тартуды да еске салды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

2019 жылдан бері оныншы рет Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізген Мемлекет басшысы бұл жолы да маңызды мәселелерге тоқталды. Алдымен, экономикаға инвестиция тартып, инвесторлардың мәселесін шұғыл шешу үшін арнайы штаб құрылғанын айтты. Оның мақсаты – елдегі тұтас инвестициялық ахуалды жақсарту. Сарапшылар штаб бюрократиялық кедергілерді жоюға, жобаларды тезірек жүзеге асыруға жол ашады деп санайды.

"Бұл бастама елімізге инвестиция тарту процестерін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Бұған дейін жобаларды менеджерлермен, вице-министрлермен талқыласақ, енді инвестициялық штабта бірінші басшылармен тікелей жұмыс істей аламыз. Сәйкесінше, инвестиция тарту кезінде қиындықтар болмайды. Оның үстіне штаб бюрократияның жолын кеседі", – деді қоғамдық саясат институтының бөлім жетекшісі Алтай Дүйсекеев

Президент айтқан тағы бір маңызды міндет – тұрғын үй қорын басқару жүйесін жаппай реформалап, цифрлық форматқа көшіру. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке жыл соңына дейін бірыңғай ақпарат жүйесін әзірлеуді тапсырды. Сала мамандары Мемлекет басшысының бұл бастамасы тұрғын үй нарығына оң әсер ететінін айтты.

"Біріншіден, бірыңғай ақпарат жүйесі тұрғын үйге ақша салып алданып қалатын салымшылардың санын азайтуға септігін тигізеді. Екіншіден, баспана бағасын төмендетуге де әсері болар еді. Өйткені бизнестің шығындары азаяды. Одан кейін, жалпы, қала құрылысын салушыларға, әкімдікке жоба жасауда әлеуметтік инфрақұрылымның тұрғын үй саясатына сай болуын жоспарлауға көмектеседі", – деді қоғамдық саясат институты директорының орынбасары Серік Ахметжанов

Былтыр елімізде тұрғын үй құрылысы бойынша рекордтық көрсеткіш болып, 19 миллион шаршы метр баспана пайдалануға берілген. Сарапшылар мұны жоғары бағалайды. Ал Мемлекет басшысы тұрғын үйдің санына ғана емес, сапасына және оның қолжетімді болуына баса назар аударған жөн деп баса айтты.

Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Дастан Темірбекұлы, Астана

Оқи отырыңыз: Құн салығы көтеріле ме: Үкіметтің кеңейтілген отырысында қандай меселелер талқыланды

 

Новости партнеров