Айналымда номиналы 5 және 10 мыңдық купюралар бар
"Сақ стилі" сериясының жаңа банкноталары кезең кезеңімен айналымға шығады. Бұл туралы Ұлттық банк өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жаңа банкноталар алғаш рет өткен жылдың желтоқсанында шығарылған. Қазір айналымда номиналы 5 және 10 мыңдық купюралар бар.
Еске салайық, "Сақ стилі" сериясы дәстүрлі қазақ ою-өрнегінің бастаушысы саналатын және көшпенділердің бірегей мәдениетінен бастап бүгінгі Қазақстанға дейінгі ел мұрасын бейнелейтін элементтерге негізделген. Ескі үлгіге қарағанда көлемі кішірек.
"Сақ стиліндегі" номиналы 5 мың теңге жаңа үлгідегі банкноталар айналымға 2023 жылдың 25 желтоқсанынан бастап енгізілді. Бұл банкноталар ескі үлгідегі банкноталармен қатар бір жылдың ішінде айналымда болады. Яғни 2023 жылдың 25 желтоқсанынан бастап, 2024 жылдың 24 желтоқсанына дейін қатар айналымда болып, есеп айырысуға қолданылады", – деді ҚР Ұлттық банкі Алматы қалалық филиалының жетекші маманы Әйгерім Жиекбаева.
Ал 10 мың теңгелік банкноталар биыл 28 маусымда айналымға енді. Банк өкілдерінің айтуынша, бұл купюралар жаппай қолданысқа биыл қыркүйек айында ғана беріле бастаған. Бұған себеп ақшаны барлық аймаққа жеткізу үшін, сондай-ақ жабдықтарды бейімдеу үшін қосымша уақыт қажет болған.