Елімізде соңғы бір айда теңге нығая түсті. Ұлттық банк қаңтардың қорытындысын жариялап, 1 АҚШ долларының 518 теңгеге дейін төмендегенін мәлімдеді. Яғни орта есеппен қазақстандық валюта 1,3 пайызға қымбаттаған. Ал бүгін 4 ақпандағы доллар бағамы – 521 теңге деп бағаланып отыр. Алдағы уақытта теңге құлдырап, доллар тағы қымбаттап кетуі мүмкін бе? Еліміздің бас қаржы мекемесі валюта нарығындағы жағдайды қалай бақылауда ұстамақ? Осы және өзге сұрақтарға «Алматы» телеарнасы студия қонағы қаржы сарапшысы Айбар Олжай жауап береді.
– Айбар Қайнарұлы, кеш жарық! Ұлттық банк қаңтарда доллардың аз да болса арзандағанын мәлімдеді. Теңгенің нығая түсуіне не әсер етті?
"Шын мәнінде оның алдағы көрсеткіштерге қарағанда теңге өзінің нығаю тірегіне ауысты. Оның бірнеше себебі бар. Ең алдымен шындықты айту керек, рубль бағасы долларға шаққанда тұрақталды. Тағы да мемлекет тарапынан конвертациялар жүргізілуде. Ұлттық қордан өздеріңіз білесіздер, ай сайын шамамен 850, ал осы ақпанда 650 миллион доллар теңгеге айырбасталып, бюджеттің қажеттілігіне жұмсалатын болады. Одан бөлек, алтын сатудан түскен долларды биржада айырбастау, конверттеу процесі басталды. Яғни биыл Ұлттық банк алтыннан түскен қаржыны – долларды биржада теңгеге айырбастау операциясын бастады. Бұл енді шын мәнінде біздегі артық ақша ағымын сәл сығады және теңгеге шын мәнінде биржада көмек береді. Соның әсерінен теңгенің бағамы нарықтық белгілі бір тұрақты деңгейде деп айтуға болады".
– Алдағы уақытта доллар бағамы тағы көтерілуі мүмкін бе? Қаржы нарығына қандай болжамыңыз бар?
"Шын мәнінде әлем АҚШ-тың Президенті Дональд Трамптың мұнайға қатысты саясатына көз тігіп отыр. Қаншалықты мұнай бағасын түсіре алады және Ресеймен ара қатынасы қалай болады? Ресейге белгілі бір экономикалық санкция ретінде энергетикалық, ішінде атап айтқанда мұнай бағасын түсіріп жіберу операциясы орындалатын болса, ол әрине, рубльдің күрт құлауына тағы да алып келеді. Бұл – енді күтілетін жәйт. Ол кезде теңгеге шынын айтқанда оңай болмайды. Сондықтан "белгісіздік" деген термин бар. Қазіргі валюта нарықтарында, әлемдік шикізат нарығында осындай бір белгісіздік бар. АҚШ қандай шешім қабылдайтыны, қазіргі саудасы, олардың қалай жүретіні, оған жауап ретінде елдердің, әсіресе Қытайдың Америкаға контрсанкцияны қалай қолданатыны, барлығы сараланды. Ең бастысы теңге үшін мұнай бағасының тұрақты болуы. Мұнай бағасы тұрақты болса, екінші фактор рубль бағамы қатты құлдырамаса және алтын сату операцияларымыз осы қарқынын жоғалтпаса, теңге қазіргідей, орташа айтқанда 520-525 теңгеде тұрады деп айтуға негіз бар. Бірақ алдағы жағдайды АҚШ жақын арадағы шешімі көрсететін болады".
Оқи отырыңыз: Алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды - Ұлттық банк ескерту жасады