Алматыдағы Шымбұлақ – ел туризмінің көшбасшысы. Себебі жуырда "Үздік тау курорты" атағын тағы алды. Бұл марапат оның мәртебесін арттырып қана қоймай, Қазақстанның тау туризмі саласындағы әлеуеті талассыз екенін дәлелдей түсті. Әлемдегі позициясын айқындап, ішкі туризмді ілгерілетіп, серпінді дамып келе жатқан курорт саяхатшылардың ең жиі келетін орындарының көшін бастап тұр, деп хабарлайды Almaty.tv.
"Қысқы спорт түрлерін ұнататындар үшін міндетті түрде баруға тиіс таңдаулы 5 курорттың бірі" деп бағаланған демалыс орны – Шымбұлақ. Оның 150 курорттың ішінен оза шығып, ең үздік атануы да тегін емес. Іле Алатауының табиғаты көркем шатқалында теңіз деңгейінен 2260 метр биіктікте орналасқан кешенге жыл сайын 1,5 миллионға жуық адам келеді. Бұл – Алматы қаласы әкімдігі Туризм басқармасының ресми ақпараты.
Ал күніне 6000-ға жетеғабыл қонақты қабылдайтын тау шаңғы мектебінде 100-ден астам білікті нұсқаушы қызмет көрсетеді. Статистикаға сүйенсек, мұнда бір турист орта есеппен 60 – 70 мың теңге жұмсайтын көрінеді. Әрине, бұған ас-судан бастап, барлық қызмет түрі, тіпті киім жиынтығына дейін кіреді.
Тау шаңғысы туризмі – әлемдік экономикада миллиардтаған доллар айналымы бар маңызды салалардың бірі. Сондықтан ел бюджетінің бүйірін толтырып қана қоймай, инфрақұрылымды дамытып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына да сеп. Шымбұлақтың Орта Азиядағы ең танымал тау шаңғысы ретінде экономикалық тұрғыда да үлес салмағы басым. Қосымша құн салығы, табыс, жергілікті және туризм салығы сияқты түрлі төлемдер арқылы бюджетке қыруар қаржы түсіп отыр. Мамандардың айтуынша, бұл қаражат инфрақұрылымдық жобаларды іске асырып, жаңа туристік аймақтарды дамытуға жұмсалады.
Шымбұлақтың қызмет сапасы мен бағасын әлем деңгейіндегі курорттармен салыстырсақ, Еуропа және Солтүстік Америкадағы тау шаңғысы курорттарына қарағанда, әлдеқайда қолжетімді. Шымбұлақтағы бір адамға арналған күндік ски-пасс бағасы - 17 500 тг. Ал дәл осындай Францияның Куршевель курортына барсаңыз, 36 300 теңге төлейсіз. Швейцариядағы Zermatt-қа кірсеңіз 67 300 теңге, АҚШ-тың Aspen Snowmass-ына аяғыңыз тисе, 127 000 теңге бересіз, ал Канаданың Whistler Blackcomb-ына жолыңыз түссе, 61 000 теңге жұмсайсыз. Осыған қарап-ақ Шымбұлақтағы қызмет сапасы әлемдік деңгейде, баға саясаты әлдеқайда арзан екенін бағамдаймыз. Туристер үшін тартымды болуы да, осы болса керек.
"Жыл сайын мұнда 1,5 миллионға жуық адам келеді. Қысы, жазы демалыс орнына туристердің көптеп келуі курорттың инфрақұрылымына айтарлықтай әсер етеді. Шымбұлаққа ең көп келетін маусымда 12 мың қонаққа дейін болады. Бұл – жоғары көрсеткіш. Бізге негізінде күніне 4-5 мың адам келуі керек. Ал баға саясатына біріншіден, инфляцияның өсуі, екіншіден қызмет көрсету сапасы мен Еуропаның құрал-жабдықтарын сатып алу әсерін тигізеді. Мәселен қар нығыздайтын техника сатып алынды. Бұған бугельді көтергіш пен аспалы жолдардың қызметін жақсарту да кіреді", – деді "Шымбұлақ" курорты PR-қызметінің жетекшісі Арина Мальковская.
Инвестиция игілігіне келсек, әуелгі әңгіме "Әлемдегі ең биік түнгі тау шаңғы трассасы" деген атағы бар Шымбұлақтың тартымдылығынан сөз тарқатсақ. Себебі соған тікелей әсер етеді. Курорт Алматыдан 25 км жерде, орталықтан көлікпен небәрі 15 минут, ал халықаралық әуежайдан 25 минутта жетесіз. Шетелдің курорттарымен салыстырамыз ғой, бәрібір. Өйткені "экономикалық жарыс" деген термин бар. Қазақшаласақ, кәдімгі бәсеке. Бәсекелесетін курортымыз болған соң, өзгелермен салыстыруымыз да заңды. Куршевель – Женевадан 2 жарым сағат, Вистлер – Ванкуверден 2 сағат жерде орналасқан. Әуежайдан алыс болғаннан кейін әуре-сарсаңы да көп болмақ. Шымбұлаққа әуежайдың жақындығы туристер легін арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Қазір тау шаңғы курортының инвестициялық әлеуеті әлденіп келеді. Биыл мұнда жаңа бугельді көтергіш орнатылып, балаларға арналған жолға қар генераторлары қойылды. Ортаңғы алаңда қайта жаңарту жұмыстары жүргізілді. Жаңа ақпараттық орталық пен кафе орналасатын павильонның құрылысы жүріп жатыр. Жылына 1 ,5 млн адам келіп жатыр, бұл сан еселенуі ғажап емес. Өйткені, алдағы уақытта курортты кеңейту жоспарда бар. Ал оның инфрақұрылымының дамуы Алматының да өркендеуіне оң әсер етеді. Шымбұлақ – ел экономикасына елеулі үлес қосатын стратегиялық маңызды туризм нысаны. Қазақстанның негізгі туристік бренді, яғни жауһары десек, артық айтқандық емес.
Оқи отырыңыз: «Абылай хан даңғылы»: Almaty TV-де «Алматы көшелерінің» жаңа шығарылымы эфирге шықты