Қомақты қаражат табысы мен төлем қабілеті жоғары тұлғаларға ғана беріледі
Биыл 1 қазандағы жағдай бойынша банктер мен өзге де қаржы ұйымдарында 8,5 миллионнан астам борышкер бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
1 қазандағы жағдай бойынша тұтынушылық несие көлемі 13 трлн теңгеге жеткен. Бұл елдегі банк секторындағы жалпы қарыздың 38%-ы ғана. Оның үстіне, елімізде бұдан былай халыққа несие беру процесі қиындай түседі. Мақұлдау деңгейі де едәуір төмен болмақ. Бұл әсіресе кепілсіз тұтынушылық кредитке қатысты.
Биыл 3-тоқсанда Қазақстанның екінші деңгейлі банктеріндегі барлық өтінімдердің ішінен мақұлданған несиелер үлесі мынадай:
Ranking.kz сайтының мәліметіне сүйенсек, шындығында несие халықтың қалтасына салмақ түсіріп отыр. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, қазақстандықтардың қарыз жабуға кететін шығыны барлық шығыстың 6,9%-ын құрайды. Азық-түліктің өзіне отбасылық бюджеттің жартысына жуығы кетеді. Енді елдегі несие жүктемесін басқа мемлекеттердегі жағдаймен салыстырып көрейік. Ол үшін үй шаруашылықтарының қарыздары мен несиенің жалпы ішкі өнімге қатынасын қарастыру қажет. Бұл көрсеткіш экономика төңірегінде кредиттік жүктеме деңгейін анықтауға көмектеседі.
Халықаралық валюта қорының дерегінше, үй шаруашылықтарының қарыздары мен несиенің жалпы ішкі өнімге қатынасы Қазақстанда – 13,65 пайыз, Ресейде – 21,1 процент, ал Қытайда – 64,5 пайызға тең.
"Ол елдерде несие тарихы басқаларына қарағанда ұзағырақ, әрі мөлшерлемесі едәуір төмен. Бұл – уақыт еншісіндегі нәрсе. Бізде де уақыт өте солай болуы мүмкін. Несие мәдениеті жүздеген жылдар бұрын қалыптасқан. Қазір тұтынушылық несие көлемі өсуде. Көбінесе жағдайы бар азаматтардың несиесі мақұлданып жатады. Мемлекет тарапынан қабылданып жатқан шаралар тек жағдайы орташа немесе төмен азаматтарға ғана әсер етіп жатыр. Ал қалталы азаматтар үшін еш нәрсе өзгермеді", – деді экономист Айдархан Құсайынов.
Мемлекеттік кредиттік бюро мәліметінше, биыл 1 қазандағы жағдай бойынша банктер, микроқаржы ұйымдары, коллекторлық және басқа да компанияларда 8,5 миллионнан астам борышкер бар екен. Оның 60%-ы, яғни 5 миллионнан астамы 1 млн теңгеге дейін несие алған. Оның ішінде 1 миллионнан көп адам 100 мың теңгеге дейін, 1,5 млн-ы – 100 мыңнан 300 мың теңгеге дейін қарыз алған. 300 мыңнан 500 мыңға дейінгі сомада 1 млн тұрғын, 500 мыңнан 1 млн теңгеге дейін несие алғандар саны 1,5 млн-нан асады. Бұл көрсеткіш қазақстандықтар тапқан табысының көп бөлігін несиеге жұмсайды дегенді жоққа шығарады. Ал қарыздың негізгі бөлігі үлкен сомада несие алған азаматтарға тиесілі. Яғни қомақты қаражат табысы мен төлем қабілеті жоғары тұлғаларға ғана беріледі. Әр түрлі дереккөздерден алынған көрсеткіштерді саралай келе, Қазақстан халқының борыштық жүктемесінің деңгейі төмен деп айтуға болады.
Оқи отырыңыз: Доллар неге күрт қымбаттады: Ұлттық банк мәлімдеме жасады