Ел Үкіметі бюджет шығындары мен кірістерін жасанды интеллект арқылы есептемек
Ел Үкіметі бюджет шығындары мен кірістерін жасанды интеллект арқылы есептемек. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Үкімет бюджетке қаражат жетпей жатқандықтан 400 миллиард теңгені қайта бөліп, «енді ақшаны ақылмен жұмсаймыз» деген еді. Қаржыны тиімді басқарудың жолын Қаржы министрлігі тапқан сияқты. Бүгін Үкіметтің көшпелі отырысынан кейін ведомство өкілдері жасанды интеллектінің көмегімен неліктен бюджетке ақша жетпей жатқанын зерттейтінін айтты. Тіпті бұл әдіс алдағы уақытта бюджетке қатысты тапсырмаларды артығымен орындауға ықпал етуі мүмкін.
"Жоба 2025 жылға жоспарланған. Біз Цифрлық даму ведомствосымен бірлесіп, бюджетті жоспарлау үшін жасанды интеллект енгіземіз. Нейрожелі өзінің тиімділігін көрсетеді. Болашақта жасанды интеллект бюджеттің профицитке ие болуын болжауды көрсетуге бағытталады", – деді ҚР Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов.
Жасанды жады бизнес, мемлекеттік басқарудан бөлек, әкімдер жұмысындағы олқылықтарды анықтауға, қоршаған ортаны қорғауға, төтенше жағдайларды алдын-ала болжауға пайдасын тигізеді. Сондықтан Цифрлық даму министрлігі Ғылым және жоғары білім ведомствосымен бірлесіп, алдағы 5 жылда 1 миллион адамға жасанды интеллектіні оқытпақ. Оның ішінде оқушылар, студенттер мен мемлекеттік қызметшілер, кәсіпкерлер және әлеуметтік сала өкілдері бар.
"Біз ұлттық жасанды интеллект платформасын іске қосып, жүз мемлекеттік қызметкерді оқыттық. Енді олар платформаны пайдалана отырып, нейрожүйенің көмегімен өз саласынде өнімдерді әзірлей алады", – деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.
Ал Үкімет басшысы Олжас Бектенов «цифрлық қызметтердің дені қарапайым халық үшін күрделі» дейді. Тіпті көпшіліктің жасанды интеллект туралы біле бермейтінін айтып, сандық технологияларды оңтайландыруға, азаматтарға кеңінен түсіндіруге ден қою қажет екенін айтты.
Жасанды интеллектіні одан әрі дамыту үшін мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріндегі деректер қоры қолжетімді болуы тиіс. Бұл үшін бірыңғай тәсілдер қажет. Осы орайда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірге деректерді жинау, сақтау және қорғау жұмыстарын регламенттеуді тапсырамын. Ақпараттар дер кезінде беріліп, өзекті әрі дұрыс болуы тиіс, – деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.
Ал жасанды интеллектінің мемлекеттік органдардың жұмысына енгізілуінен қызметкерлер жұмыссыз қалмай ма деген журналистердің сауалына Цифрлық даму министрі «нейрожелі әріптестерімізді артық жұмыстан артылтады» деп қана жауап берді.
Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, Астана
Оқи отырыңыз: Қоршаған ортаны қорғау үшін жасанды интеллектіні пайдалану тиімді - министр