Жылу есептегіш құрылғысын орнатпаған тұрғындар қаншалықты шығындалады

Қазақстандағы барлық тұтынушы есептеу құрылғыларын орнатуға міндеттелген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Үйлеріне жылу энергиясын есептейтін құралды орнатқан қазақстандықтар 20 мың теңгеге дейін үнемдей алады. Сала мамандарының айтуынша, арнайы құрылғы коммуналдық қызметке артық төлем жасамауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қылышын сүйретіп, қыс келсе болды, жылудың жайы жұртшылықты алаңдататыны белгілі. Бірақ көпшілік сол жылу үшін артық төлем жасап жүргендерін аңғармауы да мүмкін. Оның басты себебі - есептеу құрылғыларының болмауы.

Мысал ретінде қаладағы қарапайым екі бөлмелі пәтерді алайық. Оның ауданы 65 шаршы метр болсын. Мұндай баспананың тұрғындары есептеу құрылғысы болмаса, ай сайын 900 теңге мен 5200 теңгенің арасында артық төлем жасауы мүмкін. Бұл орташа есеппен бір жылыту маусымында 23 мың теңге шығынға алып келеді екен. Ал қалың қар жауып, күн қатты суытса, артық төлем мөлшері одан да көп болуы ықтимал.

Бұл ретте көпшілікте "Арнайы құрылғыны орнатқандар мен орнатпағандардың төлемінде неге мұндай айырмашылық бар?" деген сұрақ туындауы мүмкін. Бірақ бұл мәселе заңда қарастырылған екен. Яғни, табиғи монополиялар саласындағы құжатта тарифтер дәл осы құралдардың бар-жоғына байланысты сараланып, есептеледі.

Сондықтан Қазақстандағы барлық тұтынушы осы есептеу құрылғыларын орнатуға міндеттелген.

Есептеу құралдарын кім орнатып, тексереді?

Негізінде, жылу энергиясы – қымбат, әрі техникалық тұрғыдан есептеу үшін күрделі ресурс. Сондықтан, оны бағалайтын құрылғыны тек орнатып қою жеткіліксіз.

Себебі уақыт өте келе бұл құралдар тозып, сыртқы факторларға байланысты дәлдігін жоғалтуы мүмкін. Ең алдымен, мемлекеттік жүйеде тіркелген есептегішті тұрғын үйлердегі пәтер иелері кооперативі немесе мүлік иелері бірлестігі орнатуы қажет. Ол үшін лицензиясы бар арнайы мамандар шақырылады. Кейін бұл құралдарды түріне қарай мемлекеттік немесе аккредиттелген метрологиялық қызметтер 4-5 жылда бір рет тексеріп тұруға міндеттеледі. Егер құрылғының мерзімі өткен немесе тозған болса, тек жылумен жабдықтау қызметіне ақы норма бойынша төленеді де, шығын есептеу құралдарының деректері бойынша сома едәуір көп шығады.

Ал уақытылы тексерістен өткізу - энергия мөлшерін дәл өлшеп, азаматтардың артық төлем жасамауына мүмкіндік береді. Тиісінше, мемлекеттің де жылу желілеріндегі ақауларды уақытылы анықтап, қажет сұйықтықтың ағып кетуіне жол бермей, шығынды азайтуына жағдай жасайды.

Қазір елімізде бұл құрылғыны орнатқан тұтынушылар саны 74 пайыздан асады. Бұл ретте көшті ең суық өңірлер бастап тұр. Мәселен, Астанада көрсеткіш 99 пайыздан асса, Батыс Қазақстан облысында 99,3 процент екен. Ең аз тұтынатындар Шығыс Қазақстанда тұрады. Ал Алматыдағы көппәтерлі тұрғын үйлердің 96 пайызы қамтылыпты.  

"Есептегіш құрал энергияның қандай көлемде тұтынылғанын нақты көрсетеді. Егер жылу тасымалдайтын құбыр қызып кетсе, онда ыстық су құрамындағы гигакалория мөлшері артады. Ал жарамды есептегіш құрал мұндай ақауларды бірден анықтай алады. Алайда тозығы жеткен құрылғы оны анықтай алмайды, керісінше, ақша үстіне ақша қосып есептеуі мүмкін. Ал бұл құрал орнатылмаған үйлерде коммуналдық қызмет құны арнайы бекітілген тарифке сәйкес пәтердің әр шаршы метріне есептеліп, артық шығынға алып келеді", - дейді "АлЖЖ" ЖШС жылу энергиясын өткізу басқармасының бастығы Елена Локштейн. 

"Алматы Жылу Желісі" өкілдерінің хабарлауынша, қазір шаһарда жылыту маусымы ешқандай апатсыз, ақаусыз, штаттық режимде өтіп жатыр екен. 85 қазандық ойдағыдай жұмыс істеп тұр.

Жылу желісіне барлығы 8800-ден аса көпқабатты тұрғын үй, 400-ден аса білім беру мекемесі, 128 денсаулық сақтау нысаны қосылған. Ал былтыр 20 шақырымдық 23 желі жаңартылыпты. Яғни, жылу мәселесі жұртшылықты алаңдатып отырған жоқ. Тек әрбір тұтынушы жауапты мекемелерден жалпы жылуды есептейтін құралдарды орнатуды, оны уақтылы тексеруді талап етуі керек. Ал жер үйлерде бұл құрылғыны үнемі бақылап отырған абзал. Сонда ғана отбасылық бюджетті аз да болса үнемдеуге мүмкіндік бар.

Аяулым Көлжігіт, "Алматы" телеарнасы

Оқи отырыңыз: Қазақстанда ел-жер аралайтын цирктер мен шағын зообақтар жұмысына тыйым салынды

Новости партнеров