Биыл негізгі берешегін төлеген 28 112 адамның 1 миллиард 800 миллонға жуық өсімпұлы кешірілді
Қазақстандағы үш ірі қаланың мейрамханалары ұзақ уақыт бойы көрсеткен қызметі үшін түбіртекті бермей келген. Қазір көлеңкелі бизнес өкілдерінің мемлекетке әкелген шығыны есептеліп жатыр. Бұны Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі мәлімдеді. Осы тұста біз ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің жұртшылықпен байланыс басқармасының басшысы Олжас Отармен сұхбаттасқан едік.
– Олжас Асанкелдіұлы, қайырлы күн! Бүгінгі күні елімізде Кірістер комитеті енгізген онлайн кассалық құрылғыларға көшу жайы қалай?
– Биыл 633 қызмет түрі үш кезең бойынша онлайн бақылау касса машиналарына қолдануға көшеді. Салық заңнамасына сәйкес, әр тұтыншуға бақылау касса түбіртегі берілу керек. Біз таяуда Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қаласындағы мейрамханалардың қалай жұмыс істеп жатқанын талдадық. Сол талдауда осы үш қаладағы 6 мейрамхананың бақылау касса аппаратын айына бір рет қана қолданатыны анықталды. Тағы 35 мейрамхана бақылау касса машинасын күніне бар-ақ рет қолданатын болып шықты. Ал негізі заң бойынша, таңнан кешке дейін 10 тұтынушы келсе, соның онына да түбіртек беруі керек. Тұтынушы әр затты алған сайын бақылау кассасының чегі берілуі тиіс. Ал оны орындамағандарға арнайы шара қолданылады.
– Нұр-Сұлтан қаласында бір адам атында 65 пәтер екендігі анықталды. Мұндай жағдайлар елімізде қаншалықты көп? Анықтаған жағдайда қандай жаза қолданылады?
– Қазіргі уақытта тиісті нақтылау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазақстанның заңнамасына сәйкес кез-келген азаматтың қанша үй алса да, құқы бар. Бірақ оны жалға беретін болса, міндетті түрде жеке кәсіпкер ретінде тіркелген болуы керек. Болмаса, жылына бір рет жеке кәсіпкер болып тіркелмей, 240-нысанда есеп беріп, жылына бір рет есептету керек. Пәтерлерін жалға берушілер жылдан жылға артып келеді. Өткен жылмен салыстырғанда, биыл 7 мыңнан астам кәсіпкер тіркелді.
– Бизнес өкілдеріне үлкен жеңілдік жасалған болатын. Бұл – амнистия. Қарыз бен айыппұлды кешіру қазір қалай жүріп жатыр?
– Салықтық рақымшылықтың мақсаты – жеке кәсіп иелері негізгі берешегін төлеген жағдайда, өсімпұлын кешіру. 2015 жылы өткен рақымшылыққа іліккендердің 67 пайызы қазір қарызсыз жұмыс істеп жатыр. Биылғы рақымшылық бойынша 90 мыңға жуық осы жеңілдікке іліккен тұлғалардың 38 мыңы төледі. Бұл сома шамамен 8 миллард теңгені құрайды. Негізгі берешегін төлеген 28 112 адамның 1 миллиард 800 миллонға жуық өсімпұлы кешірімге жатты.
– Олжас Асанкелдіұлы, сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен: Нұржан СӘДІРБАЙ