Коронавирустен кейінгі синдром бала жүрегін айтарлықтай зақымдауы мүмкін

09.10.2020 06:00

Мұндай қорытынды The Lancet журналында жарияланған медициналық шолуда келтірілген

көрнекі сурет

COVID-19-бен байланысты деп саналатын балалардағы мультижүйелі қабыну синдромы (MIS-C) жүрекке айтарлықтай зақым келтіруі мүмкін. Оның салдарынан кейбір балалар өмір бойы дәрігердің бақылауында болып, тіпті операцияға алып келуі ықтимал. Мұндай қорытынды The Lancet журналында жарияланған медициналық шолуда келтірілген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Жалпы, бұл синдром дені сау балаларда кездесетіндей болып көрінетін. Алайда, Joe R. and Teresa Lozano Long School of Medicine медицина мектебі педиатрия кафедрасының ассистенті, неонатолог, Сан-Антониодағы Техас университеті Медицина институтының магистрі доктор Альваро Морейроның айтуынша, мультижүйелі қабыну синдромы коронавирус инфекциясы симптомсыз өткеннен кейін 3 немесе 4 аптадан кейін пайда болады.

«Мәліметтерге сәйкес, жоғары тыныс алу жолдарында COVID-19-дың классикалық белгілері байқалмаған балаларда мультижүйелі қабыну синдромы дамуы мүмкін. Бұл – қорқатындай жайт. Балаларда аурудың ешқандай белгілері болмауы ықтимал. Тіпті ауырып жүргенін де білмей қалады. Бірақ, бірнеше аптадан кейін қабыну өрши түсуі мүмкін», – деді Альваро Морейро.


Зерттеу барысында 1 қаңтар мен 25 шілде аралығында бүкіл әлемде тіркелген балалардағы мультижүйелі қабыну синдромының 662 жағдайы зерделенген. Бұл балалардың 71 пайызы қарқынды тереапия бөлімшесіне жатқызылған. Олардың ауруханада жатқан уақыттарының орташа ұзақтығы 7-9 күнді құрап отыр. Балалардың 100 пайызында қалтырау болса, 54 пайызында іш ауруы немесе іш өтуі байқалған. Ал 68,3 пайызында лұқсу болған. Сонымен қатар балалардың 90 пайызы экокардиограммадан өтіп, 54 пайызында нормадан ауытқу тіркелген. Ал науқастанған балалардың 22,2 пайызы өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Балалардың 4,4 пайызына экстракорпоралды мембранды оксигенация талап етілген. 11 бала көз жұмған.

«Бұл SARS-CoV-2-мен байланысты балалардың жаңа ауруы саналады. Ол өлім-жітімге алып келуі де ықтимал. Өйткені, ауру жүрек пен өкпе, асқазан-ішек жолы немесе жүйке жүйесі болсын, ағзаның бірнеше жүйесін бірден зақымдайды. Мультижүйелі қабыну синдромынан туындайтын қабыну Кавасаки ауруы мен токсикалық шок синдромы кезінде пайда болатын қабынудан да асып түседі. 662 баланың көпшілігінде жүректің зақымдануы байқалды. Мұны ересектердің жүрек талмасын диагностикалау үшін қолданатын тропонин сынды маркерлер көрсетіп отыр. Сонымен қатар балаларда қан тамырларының кеңеюі білінді. Мұндай құбылыс Кавасаки ауруы кезінде байқалатын. Балалардың 10 пайызға жуығында қан тамырының аневризмі орын алған. Аневризмі бар балалар болашақта үлкен тәуекелдерге ұшырайды. Тағы бір қорытынды, мультижүйелі қабыну синдромы бар пациенттердің жартысына жуығының негізгі аурулары болса, жартысы сезіміздіктен немесе артық салмақтан зардап шеккен. Бұл мәліметтер мультижүйелі синдромы бар балаларда қатты қабыну мен жүрек тінінің зақымдануы байқалады. Олардың уақыт өте келе қандай салдары болатындығын түсіну үшін бізге бұл балаларды жіті бақылауға алу қажет», – деді доктор Морейро.