Вирус әлі де өзгеруі мүмкін екенін айтқан ұйым жұртшылықты вакцина алуға және маска тағуға шақырды
Еуропа елдерінің карантин шараларын жеңілдете бастауы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын алаңдатып отыр. Олар мұндай шешім асығыс қабылданғанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Өйткені вирус әлі де өзгеруі мүмкін деп, жұртшылықты вакцина алуға және маска тағуға шақырды. Күні кеше Еуропаның бірқатар елі екпе алған жергілікті тұрғындардың көбеюіне байланысты көшеде бетпердесіз жүруге рұқсат берген еді.
Бұл әдісті Ұлыбритания мен Дания билігі де қолдап отыр. Олар бұрынғыдай мейрамханалар мен ойын-сауық орталықтарына баратын адам санына шектеуді алып тастады. Мемлекетке туристер де емін-еркін кіріп шыға алады.
«Бәрімізге белгілі, пандемияның биыл жалғасып жатқанына үшінші жыл. Жыл басынан бері Еуропада өлім-жітім саны 5 млн 500 мыңға дейін ұлғайды. Жағдай күрделі. Әлемді шарпыған індет елдің экономикалық жағдайына да айтарлықтай кері әсерін тигізіп отыр. Болжам бойынша 2024 жылдың соңында шығын көлемі 13,8 трлн доллар болуы мүмкін. Мұндай көрсеткіш әлемдік дағдарыс кезінде де тіркелген жоқ», - дейді Халықаралық валюта қоры төрағасының орынбасары Гита Гопинат.
Ал елімізде эпидемологиялық ахуал қазір тұрақталған. Бір тәулікте республика бойынша 6 648 адамнан коронавирус анықталды. Жұқтырғандардың көпшілігі Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында тіркелген. Қазір Қызылорда мен Түркістан облысы жасыл аймақта. Ал Жамбыл облысы «қызыл» аймақтан «сарыға» өтті.