Соңғы аптада COVID-19 жұқтыру мен өлім-жітім тұрақталуға бет алғаны байқалады
Қазақстанда коронавируспен ауыру мен өлім-жітім тұрақталып келеді. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
«Соңғы аптада COVID-19 жұқтыру мен өлім-жітім тұрақталуға бет алғаны байқалады. Ауру жұқтыру жағдайы тәулігіне 1 500-1 600 адам деңгейінде»,– деді Цой үкімет отырысында.
Айтуынша, осы айдың үш аптасы ішінде жалпы төсек-орын қоры 30,4 мыңнан 49,7 мыңға дейін ұлғайды. Төсек-орын қорының өсімі 19,3 мыңды құрады. Соның ішінде қосымша 5,3 мың инфекциялық төсек-орын ашылды.
Осының арқасында пациенттерге медициналық көмек көрсету қолжетімділігі артты.
Министр жүргізілген жедел шаралардың арқасында екі аптаның ішінде қол жеткізілген оң нәтижелерге тоқталды.
«Тәулігіне коронавирус жұқтыру өсімі 4 проценттен 2,1 процентке азайды. COVID-19 індетінен емделгендер саны 60 процентке жетті. Жедел жәрдем шақыру 23 процентке төмендеді. Провизорлық төсек-орындардың жүктемесі 20, жансақтау бөлімінің жүктемесі 6 процентке төмендеді», – деді ол.