Биыл қазан айында Қостанай қаласында 200 орындық инфекциялық аурухана пайдалануға беріледі. Бұл туралы мәслихат депутаттарына есеп беру кездесуінде облыс әкімі Архимед Мұхамбетов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Осы жылдың 1 қазанына дейін Қостанай қаласында тез тұрғызылатын технологиялар бойынша 200 төсектік жұқпалы аурулар ауруханасын пайдалануға беру жоспарлануда. Қазір Орал көшесінің бойында құрылыс жүріп жатыр. Алдағы екі айдың ішінде құрылыс толық аяқталады. Жаңа аурухананы дәрігер мамандармен қамту мәселесі де реттеліп қойған. Биыл облысқа өзге өңірлерден 240 дәрігер келеді. Аймаққа жас мамандарды көптеп тарту мақсатында оларға берілетін көтерме ақы көлемі де өскен. Бұған дейін 1,5 млн теңге көлеміндегі көтерме ақы тек ауылға баратын дәрігерлерге ғана беріліп келсе, биылдан бастап қалалық мекендердегі медициналық мекемелерге жұмыс істеуге келген мамандарға да 1 млн теңгеден қолдау көрсетіледі», – деді аймақ басшысы.
Архимед Мұхамбетов жиын барысында коронавирус инфекциясымен күрес туралы баяндады. Облыста індетке қарсы іс-қимыл аясында 1968 инфекциялық және провизорлық төсек-орын құрылған. Бұған қоса, екі айлық дәрілік заттар қоры жасалды. Қазіргі уақытта медициналық ұйымдарда өкпені жасанды желдету аппаратының 247 данасы, оның ішінде ағымдағы жылы сатып алынған 58 аппарат бар. Тағы 85 құрылғыны сатып алу жоспарға алынған.
«Жыл басынан бері медициналық құрал-жабдықтар сатып алуға 5 млрд теңге бөлінді. Аудан-қалалардың емханаларындағы техникалық базаны нығайту жұмыстары жалғасуда. Осы уақытқа дейін 80 санитариялық көлік сатып алынды. Таяуда тағы 30 бірлік техника сатып алу жоспарланып отыр. Жақын арада жас мамандарға 20 пәтер беріледі», – деді Архимед Мұхамбетов.