Төтенше жағдай: Мақтаарал ауданын су басып жатыр

02.05.2020 16:23

Қазіргі таңда ауданда апаттық-құтқару жұмыстары жүріп жатыр

Түркістан облысы Мақтаарал ауданының екі ауылын су басты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Түркістан өңірлік коммуникациялар қызметі.

Бүгін, 2 мамыр таңғы сағат 04:30-да Мақтаарал ауданының шекарасындағы Орталық далалық коллекторынан (өткізу қабілеті – секундына 120 текше метр) су төгіліп, Жеңіс және Жаңатұрмыс ауылдарын су алып кеткен.

«Жеңіс ауылында 288 тұрғын үй, 1922 тұрғын бар. Оның ішінде 568 ер адам, 546 әйел адам, 808 бала мен жасөспірімдер). Сондай-ақ Жаңатұрмыс ауылында 47 үй, 321 тұрғын бар. Оның ішінде 169 ер адам, 152 әйел адам, 132 балалар мен жасөспірімдер бар.Тұрғындарды эвакуациялауға 6 автобус (300 адамдық), 4 КамАЗ (120 орындық), ТЖД 6 техника мен 36 адам, полиция бөлімінен 7 техника мен 70 адам жұмылдырылған. Мырзакент кентінде 4 эвакуациялық пунктте 2200 орын дайындалған».- делінген хабарламада.

Барлық инженерлік жұмыстарға тиісті техникалар жұмылдырылған.

Сондай-ақ облыстық мәндегі тасжол – Мырзакент – Жеңіс – Жаңатұрмысты су басқан. Көлік жүруі мүмкін емес.

Қазіргі таңда ауданда апаттық-құтқару жұмыстары жүріп жатыр.

Айта кетейік, кеше Өзбекстанда Сардоба су қоймасының бөгеті жарылған. Сонымен қатар 02.05.2020 жылы сағат 01.30-да Жаңажол ауылдық округіне қарасты Жеңіс және Еңбекші ауылдық округіне қарасты Жаңатұрмыс елдімекеніне су басу қаупі туындағанын хабарланған.