Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Facebook желісінде жазды
Қазақстанның денсаулық сақтау вице-министрі қызметінен босатылған Камалжан Надыровтан коронавирус инфекциясы анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv
"Кеше Үкімет қаулысымен Камалжан Талғатұлы Надыров басқа жұмысқа ауысуына байланысты Денсаулық сақтау вице-министрі қызметінен босатылды.
Алматы қаласында коронавирустық инфекция кеңінен тарап, жағдай қиындаған соң Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қазіргі басшысы Тілеухан Шілдебайұлы Әбілдаев отставкаға кету туралы өтініш білдірген болатын. Қаладағы команданы күшейту мақсатында басқарма басшысы лауазымына К.Т. Надыровты тағайындау жоспарланған еді. Алайда, кеше кешкісін К.Т. Надыровқа коронавирустық инфекция жұқтырған деген диагноз қойылды, қазір ол емделу үшін ауруханаға жатты.
Әріптесім Камалжан Талғатұлының тез сауығып кетуіне тілектеспін және қолдау білдіремін!" - деп жазды министр Facebook желісінде.
Осы жағдайға байланысты Алматы қаласы әкімінің келісімімен Т.Ш. Әбілдаевтың отставкаға кету туралы өтініші тоқтатылды.