Германия мен Италияда карантин 14 ақпанға дейін ұзартылды

20.01.2021 16:14

Елде пандемия басталғалы 2 миллионнан астам адамнан коронавирус анықталған

Euronews

Германияда қатаң карантин талаптары 14 ақпанға дейін ұзартылды. Бұл туралы федералды үкімет пен федералды жерлердің билік өкілдері келісті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Елде пандемия басталғалы 2 миллионнан астам адамнан коронавирус анықталған. Неміс БАҚ-тарының мәлімдеуінше, Берлинде одан да қатаң шаралар, соның ішінде қоғамдық көлік жұмысындағы шектеулер немесе қорғаныс деңгейі жоғары маскаларды міндетті түрде тағу талаптарын қою мәселесі талқылануда. 

Ұлыбританияда бір тәулікте 1600-ден астам адам қайтыс болып, жаңа антирекорд орнады. Өткен аптада корольдікте жан басына шаққандағы өлім жағдайының әлемдегі ең жоғары деңгейі тіркелді: әр он миллион адамға шаққанда 165 өлім. 

Еуропада өлім көрсеткіші бойынша екінші орында тұрған Италияда сейсенбі күні 600-ден астам адам көз жұмды. Ел билігі «белсенді таралып жатқан» коронавирустың жаңа кезеңі туралы айтуда. Өткен аптада карантин шаралары мен аймақтар арасындағы қозғалысқа салынған тыйым кем дегенде 15 ақпанға дейін, ал түнгі коменданттық сағат 5 наурызға дейін күшінде болатыны жарияланды. 

Бұған дейін Италияның Денсаулық сақтау министрі Роберто Сперанца елдегі төтенше жағдай режимі 2021 жылдың сәуір айының соңына дейін ұзартылатынын айтқан болатын. 

Қытайда үлкен карантиндік орталық Хэбэй провинциясының астанасы Шицзячжуанның шетінде 1700 палаталық кешен салынуда. Елде бір апта қатарынан күн сайын жүзден астам өлім тіркелген. Бұл – өткен жылдың наурыз айынан бергі ең жоғары көрсеткіш. 

Калифорния расталған инфекция жұқтырғандар саны 3 миллионнан асқан АҚШ-тың алғашқы штаты болды. Жалпы, Құрама Штаттарында 24 миллионнан астам коронавирусқа шалдығу жағдайв анықталды, 400 мыңға жуық азамат қайтыс болды. Вирус жұқтыру және өлім жағдайы көрсеткіштері бойынша АҚШ әлемде бірінші орында.