Барлық фактілер бойынша әкімшілік айыппұл шаралары қолданылады
Оңтүстік астананың көңіл көтеру мекемелерінде әлі де жұмыс режимін бұзатындар бар, қонақтарды отырғызу кезінде әлеуметтік қашықтық сақталмайды, қызметкерлер бетперде тақпайды. Алматыдағы қоғамдық тамақтану орындары мен компьютерлік клубтарға жүргізілген екі күндік тексерудің қорытындысы осындай. Жиналған барлық материалдар аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау бөлімдеріне жіберілді. Барлық фактілер бойынша әкімшілік айыппұл шаралары қолданылады, деп хабарлайды Almaty.tv
Алматы қаласының Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жыл басынан бері мониторингтік топтардың 22 600-ден астам нысанды тексергенін, оның 2176-сында карантиннің түрлі бұзушылықтары анықталғанын нақтылады.
Алматы қаласы СЭБД басшысының орынбасары Сәдуақас Байғабыловтың айтуынша, қалада коронавирусқа қатысты ахуал әлі де күрделі күйінде қалып отыр. Сондықтан құрамына әкімдіктердің және полицияның қызметкерлері, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері және еріктілер енген мобильді топтар қала тұрғындары мен қонақтарының, шағын және орта бизнес субъектілерінің карантин шектеулерін сақтау бойынша профилактикалық жұмыстарды жалғастыруда. Эпидемиологиялық талаптарды бұзушы нысандарға баса назар аударылуда: көңіл көтеру мекемелері, дәмханалар, мейрамханалар, караоке, барлар, сауда орталықтары. Сонымен бірге, «Ashyq» жобасы аясында қызмет етіп жатқан кәсіпкерлік субъектілері де тексерілуде.
«Биыл карантинді жиі бұзған 74 нысанға қатысты мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттарға материалдар жолданды, 53 жағдай бойынша сот шешімі шығарылды. 37 жағдай бойынша мекемелердің әкімшілігі нысандардың қызметін тоқтата отырып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды»,– деп хабарлады Сәдуақас Байғабылов.
Санитарлық дәрігерлердің мәліметтері бойынша 25 мамыр күні карантин шараларының 25 бұзушылығы анықталды, тек 4 жағдай бойынша профилактикалық әңгіме жүргізілді, қалғандары бойынша қатаң шаралар қолдану үшін материалдар жиналды.
Мысалы, сол күні жұмыс режимін «Ashyq» жобасының қатысушысы – Алмалы ауданының «Seven Cyber Sport» компьютерлік клубы бұзған. Ал Әуезов ауданының «Нюк» компьютерлік клубы «Ashyq» жобасының қатысушысы болмағаннан кейін, жұмысына тыйым салынған. Осындай бұзушылық «Тема» компьютерлік клубында да анықталды.
Дәл сол күні Бостандық ауданындағы «Calliano» лаундж барында жұмыс режимінің бұзылуы анықталды. Сондай-ақ бірқатар азық-түлік дүкендерінде сатушылар келушілерге бетпердесіз қызмет көрсеткен.
Келесі күні, 26 мамырда Алматының мониторингтік топтары карантин шараларының 9 бұзушылығын анықтады.
Мысалы, «Ashyq» жобасы бойынша жұмыс істеу рұқсат етілген Алмалы ауданының «Чечел паб» дәмханасында тексерушілер келушілер санының тым көп екенін тіркеген. Олардың саны залдағы отыратын орындар санынан көп болған.
Анықталған бұзушылықтар арасында қызметкерлері бетперде тақпаған мекемелер тізімінде «Восточный квартал» дәмханасы, «Манго суши» мейрамханасы, «Веселидзе» дәмханасы бар. Жұмыс режимі Бостандық ауданындағы «Версаль» мейрамханасында, «Dreams» лаундж-барында және 40-қа жуық келуші болған «Бармаглот» барында бұзылған.
Алматы қ. СЭБД басшысының орынбасары С. Байғабылов бүгінгі таңда «Ashyq» бойынша жұмыс істейтін ШОБ-тің 17 субъектісі тіркелгенін атап өтті. Сонымен бірге, бұл мекемелерден бұзушылықтар да анықталады.
«Бұл процесске жауапты қарау керек, қосымша жеңілдіктерді пайдалана отырып, жұмыс істеуге құқық береді, алайда карантиндік шаралардың сақталуын жалғастыру керек»,– деп атап өтті С. Байғабылов.
Алматы әкімдігінде карантин талаптарын бұзатындарды анықтау шараларының жалғасатынын хабарлады. Тұрғындар карантин режимінің сақталуына барынша жауапкершілікпен қараулары тиіс, ол үшін жиналатын орындардан аулақ болу, бетперде режимі мен әлеуметтік қашықтық режиміне бейжай қарамаған жөн.