Пандемия салдарынан әлем бойынша миллиондаған адам үйде отыр
COVID-19 пандемиясының таралуынан әйелдер қашықтан жұмыс істеуге ғана емес, үй шаруасын атқарып, балалар мен қарт ата-анасына күтім жасауға міндеттелді. Осыған байланысты БҰҰ ер адамды әйелдерге көмектесіп, үй шаруасын бөлісуге шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Оқшаулану кезінде көптеген әйелдер қашықтан немесе ауруханада, дүкенде жұмыс істеп, үй шаруасын, кір жуу, тамақ әзірлеу, балалар мен қарт ата-ана күтімін қатар алып жүруге мәжбүр. Бұл - әйелдер мен қыздардың иығына артылған жұмыстардың бір бөлігі ғана. Сондықтан, БҰҰ ерлерді бұл теңсіздікті тоқтатуға шақырады», – делінген хабарламада.
Осыған байланысты «HeForShe At Home» халықаралық ұйымы «Ерлер үйдегі әйелдердің құқығы үшін» науқанын бастап, балаларды, жас жігттерді және ерлерді үй шаруасын бірлесіп атқаруға шақырды.
«Пандемия салдарынан әлем бойынша миллиондаған адам үйде отыр. Дәл осы жағдайда гендерлік теңсіздік мәселесі анық көрінді. Қазіргі уақытта әйелдер ақы төленбейтін үй тірлігін ерлерден үш есе көп атқарып жүр. Коронавируспен күресте де алдыңғы шепте әйелдер тұр. Денсаулық сақтау мен әлеуметтік қызмет жұмыскерлерінің 70 пайызы - әйелдер», – деп хабарлады ұйым. Сонымен бірге, БҰҰ ерлердің өз тәжірибесін бөлісіп, қандай үй шаруасын атқаратынын айтып беруін сұрайды.
«Ерлер әлеуметтік желіде өз тәжірибесін айтып, өзгелерді шабыттандыра алады. Ол үшін #HeForShe AtHome хэштегін пайдалану қажет», – дейді БҰҰ.