Коронавирус: Еуропаның тағы бір елінде ауырғандардың саны 1 миллионнан асты

27.11.2020 16:05

Германия коронавирус инфекциясын жұқтырғандар көрсеткішісі бойынша әлемде он екінші және Еуропада алтыншы орында

Фото: ашық дереккөзден

Германия коронавирус инфекциясын жұқтырғандар көрсеткішісі бойынша әлемде он екінші және Еуропада алтыншы орында, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.

Германия жаңа типтегі коронавирус жұқтырғандардың саны миллионнан асқан Еуропадағы алтыншы ел болды. Бұған Worldometers статистикалық сайтының деректері дәлел.

27 қараша, жұма күні таңертең елде пандемия басталғалы бері COVID-19 инфекциясын жұқтырудың 1 005 307 жағдайы расталды, оның 676 мыңнан астамы жазылып шықса, 15 мыңнан астамы қайтыс болған. Соңғы тәулікте 21 576 адамның вирус жұқтырғаны анықталды.

Еуропада Германияға қарағанда инфекция жұқтырғандар жағынан саны ең көп ел - Ресей (2,19 миллион адам), одан кейін Франция (2,18 миллион), Испания (1,64 миллион), Ұлыбритания (1,57 миллион) және Италия (1,5 миллион) тұр. Әлемде Германия коронавирус індетін жұқтыру бойынша 12- орында.

Соңғы мәліметтер бойынша, планетаның 61,3 миллион тұрғыны COVID-19 инфекциясын жұқтырған. 42,4 миллион адам инфекциядан айығып кетсе, 1,4 миллион адам дерттің асқынуынан қайтыс болды.