Ішкі істер министрлігінің бір қызметкері коронавирус жұқтырған

09.04.2020 17:54

Ал 530-дан астам тәртіп сақшысы індетпен ауырған науқастармен байланыста болған

открытые источники

Ішкі істер министрлігінің бір қызметкері коронавирус жұқтырған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ал 530-дан астам тәртіп сақшысы індетпен ауырған науқастармен байланыста болған. Мұндай мәліметті Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин беріп отыр. Ал өмірін қатерге тігетін полицейлер ақшалай көтермелеу, яғни жалақысына үстеме ақы қосыла ма?

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ішкі істер министрінің орынбасары өз сөзін жағымсыз ақпараттан бастады. Айтуынша, Ақмола облысындағы дауыл салдарынан тағы бір адам мерт болды. Айта кетейік, секундына 30 метрды құрайтын құйын Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облысында орын алған. Салдарынан электр  ажыратылған. 6 -8 сәуір аралығында 395 нысан қиратылды. Ал Ақмола облысында шатыр жұлынып, екі адам мерт болды. Олардың бірі оқиға орнында көз жұмса, екіншісі ауруханада жан тапсырған.

«Көз жұмған екі адамның жақындарына көңіл айтамыз. Бір қызметкер оқиға орнында мерт болды. Екіншісі ауруханада кеше жан тапсырды. Солтүстік Қазақстан облысында дауылдан тағы екі адам зардап шекті. Алайда олардың денсаулығына ешқандай қауіп жоқ», – деді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий ИЛЬИН.

Юрий Ильин Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облысында электрмен жабдықтау мәселесі бүгін шешілетінін жеткізді. Шамамен 18.00-ге таман барлық тұрғындар электр желісіне қосылатынын айтты. Бұдан бөлек брифингте Ақмола облысының аумағында, атап айтсақ Жабай көлінің маңы мен Атбасарда қар еру белсенді жүріп жатқаны мәлім болды. Салдарынан су деңгейі көтерілуде. Бұдан бөлек, Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеевск су қоймасында да су деңгейі екі метрден асып кеткен. Ал Қостанай облысы Қарасу ауданындағы ауылда 60-қа жуық үй су астында қалған. Адамдар эвакуацияланды. Юрий Ильин мәселе ертең шешіледі деген пайым жасады. Ол, сондай-ақ, ел тұрғындарын Қазгидромет болжамдарын ескеріп, ескертулерге құлақ асып, үйден шықпауын сұрады. Ал журналистер тарапынан коронавирусқа шалдыққан полиция қызметкерлері бар ма деген сауалына былай деп жауап берді.    

«Бір қызметкер қызметі барысында коронавирусқа шалдыққан. Оның жағдайы қалыпты. Ем-дом қабылдауда. Тағы 530 адам індетті жұқтырғандармен байланыста болған. 30 адам стационарда, ал 80 адам үйде оқшауланған. Басым бөлігі үйіне жіберіліп, қызметін жалғастыруда. Індеттен көз жұму және басқа да ауыр салдар жоқ», – деді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий ИЛЬИН.

Юрий Ильин Мемлекет басшысының дәрігерлермен қатар, құқық қорғау органдарының жалақысын көтермелеу туралы жарлығын еске сала кетті. Блок-бекеттерде, медициналық мекемелерде қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, коронавирусқа шалдыққан науқастармен етене жұмыс істейтін тәртіп сақшыларының жалақысына үстемеақы қосылады. Ақшалай көтермелеу бір айлық жалақы мөлшерінде болмақ. Ол 52 мың қызметкерге тағайындалады екен. Бұл мақсаттарға 6 миллиард теңге қаржы бөлініп отыр.