Облыста барлығы 3273 жағдай тіркелді
Соңғы тәулікте Ақтөбеде 3 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Оның біреуі 3 жасар бала, деп деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Ақтөбеде 46 жастағы әйел жөтеліп, дене қызуы көтеріліп, дәрігер көмегіне жүгінген. Кейін одан ПТР сынама алынып, вирустық инфекция жұқтырғаны анықталды. Бұған дейін оның Ресейге барғаны белгілі болды.
«Шалқар ауданының 28 жастағы тұрғыны өз еркімен сынама тапсырып, одан КВИ анықталды. Сонымен бірге 3 жастағы ақтөбелік те COVID-19 дертінің симптомсыз түріне шалдықты», – деп хабарлады Ақтөбе облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметі.
Белгілі болғандай, облыста барлығы 3273 жағдай тіркелді. Олардың 3218-і, яғни, 98,4% жазылып шықты. Қазіргі таңда үй карантиніне 71 адам жатыр.