Теңіз кенішіндегі инфекциялық стационарда емделіп жатқан науқастар саны 102 адамға жетті

03.12.2020 18:12

Өткен тәулікте 31 адамның коронавирус инфекциясына шалдыққаны ПТР-тест арқылы расталып отыр

Фото: ашық дереккөзден

Атырау облысының Теңіз кенішіндегі инфекциялық стационарда емделіп жатқан науқастар саны 102 адамға жетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа қарағанда, өткен тәулікте 31 адамның коронавирус инфекциясына шалдыққаны ПТР-тест арқылы расталып отыр. 

«Науқастардың бесеуі Атырау қаласында анықталды. Теңіз кенішінде 23 жұмысшыдан, Жылыой ауданында 3 адамнан қауіпті індеттің белгісі табылды. 

Соңғы тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың басым бөлігі кезекті медициналық тексеріс кезінде анықталған. Науқастардың барлығында инфекция симптомсыз түрде өтіп жатыр»,– деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі. 

Қазір 136 адам үй жағдайында емделуде. 

Ал, облыстық инфекциялық стационарда 32, аудандардағы стационарда 8 науқас емделіп жатыр. Теңіз кенішіндегі инфекциялық стационарда емделіп жатқан науқастар саны 102 адамға жеткен. 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Теңіз кенішіндегі стационарда 86 науқас емделіп жатқанын хабарлап едік.