Екпенің төрттен үш бөлігі әлемдік ЖІӨ-нің 60 пайызы тиесілі 10 елде жасалғанын атап өтті
Коронавирусқа қарсы екпе алғандар саны жұқтырғандар санынан асып кетті. Бұл туралы жұма күні ДДСҰ басшысы Тедрус Гебрейесус айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Сондай-ақ ол екпенің төрттен үш бөлігі әлемдік ЖІӨ-нің 60 пайызы тиесілі 10 елде жасалғанын атап өтті. Жалпы 2,5 миллиард адам тұратын басқа 130 елде бірде-бір адамға екпе жасалмады.
«Кей елдерде қауіп тобына жатпайтын адамдардың да біраз бөлігіне вакцина салынды. Кез келген үкімет өз халқын қорғауға міндетті. Бірақ вакцинасы бар елдер өздерінің медицина қызметкерлері мен қарттарына екпе салғаннан кейін, тұрғындарының қалған бөлігін қорғағысы келсе, вакцинамен бөлісу керек», – деді дәрігер Тедрос.
«Әлемдегі қауіп тобындағы адамдарға екпе егу үшін қаншалықты көп уақыт кетсе – біз вирустың мутацияланып, вакцинаны «алдауына» соншалықты көп мүмкіндік береміз. Басқаша айтқанда, біз вирусты жұмылып жеңбесек, басталған жерге қайта ораламыз», – деп түсіндірді ол. Айта кетсек, сәрсенбі күні ДДСҰ мен оның серіктестері COVAX бастамасы аясында коронавирус вакцинасын бөлудің алғашқы аралық болжамын жариялады. Көптеген ел тұрғындарды вакцинациялау кампаниясын бастауға дайын, бірақ әзірге препараттар жеткіліксіз. Дәрігер Тедрос вакцинасы бар мемлекеттерді басқа елдермен бөлісуге шақырды. «Сондай-ақ біз вакцина өндіруді көбейтуіміз керек. Өткен аптада Sanofi компаниясы Pfizer/BioNTech вакциналарын өндіру үшін өзінің өндірістік инфрақұрылымын ұсынатынын айтты. Біз басқа компаниялардың да осыдан үлгі алғанын қалаймыз», – деді Тедрос мырза.
Еске салсақ, Қазақстанда 1 ақпаннан бастап жаппай вакциналау шарасы жүргізіліп жатыр.