Елордада жалпы 2 600-ден астам адамда коронавирус анықталған
Нұр-Сұлтан қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова шаһарда коронавирус жұқтырғандар саны 2620 адамға жеткенін мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Елордада бүгінге дейін 2620 адамнан коронавирус анықталған. Науқастар арасында індет жұқтырған балалар да көп болып шықты, яғни 270 бала COVID-19 вирусын жұқтырып алған.
«Бүгінге дейін қалада 1829 науқас, немесе барлық науқастың 70 пайызы жазылып шықты. Өкінішке қарай, 14 адамға толық көлемде медициналық көмек жасалса да, дерттен көз жұмды. Марқұмдардың жас ерекшелігі: 2 адам - 40-50 жас аралығында, 4 адам - 50-60 жас аралығында, 8 адам - 60 жастан жоғары», - деп атап өтті Сәуле Қисықова.
Қайтыс болған 14 адамның бірнешеуі бастапқыда үйде емделіп, мамандарға тек жағдайы қатты нашарлағанда ғана бір-ақ жүгінген. Олар сонымен қатар, қант диабеті, гипертония, қатерлі ісік сияқты жанама аурулармен ауырған.
«Қазіргі кезде қала ауруханаларында 730 науқас жатыр: оның ішінде 48 науқастың жағдайы ауыр, 18 адамның жағдайы тіпті ауыр, олар жасанды тыныс алу аппаратына қосылған», - деді басқарма басшысы.