Барлық науқастар жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілді
Жамбыл облысында бір отбасынан үш бала коронавирус жұқтырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
25 мамыр күні Жамбыл облысында коронавирус инфекциясына шалдығудың жаңадан 51 жағдайы тіркелген болатын. Тараз қаласында анықталған 49 оқиғаның 48-і – науқастармен байланыста болғандар. Бір жағдай қаланың 69 жастағы тұрғынынан анықталды. Ол ЖРВИ белгілерімен инфекциялық стационарға жатқызылған. Науқастардың қатарында 1 жастан 12 жасқа дейінгі кәмелетке толмаған 6 бала бар. Олардың арасында, үш бала – бір отбасынан.
«Лабораториялық зерттеулер нәтижелерімен COVID-19 бір отбасының төрт мүшесінде, оның ішінде 2005, 2008 және 2016 жылы туған балаларда расталды. Олар бұған дейін дерт жұқтырған туысымен байланыста болған. Сонымен қатар, Т.Рысқұлов ауданында екі жағдай анықталды. Ауру 1991 жылы туған ер адамда және 1993 жылы туған жүкті әйелден табылды. Екеуі де науқаспен байланыста болған тұлға ретінде бұған дейін оқшауландырылған», – делінген хабарламада.
Барлық науқастар жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілді. Олармен байланыста болғандар анықталып, карантинге алынды. Ошақтарда дезинфекциялық өңдеу шаралары жүргізілді. Бүгінге дейін Жамбыл облысында коронавирус індетінің 343 жағдайы тіркелді. Олардың 173-і сауығып, дәрігерлердің бақылауындағы үй карантиніне шығарылды.