Қазіргі кезде барлығы 112 адам коронавирус инфекциясынан ем қабылдап жатыр
Ақтөбе облысында өткен тәулікте екі оқушыдан коронавирус инфекциясы анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Өткен тәулікте Ақтөбеде 11 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Оның 9-ы Ақтөбе қаласының, өзгесі Мәртөк ауданының тұрғыны.
«Қыркүйек айынан бері Ақтөбе облысында барлығы 15 оқушы коронавирус инфекциясы анықталды. Оның үшеуі мектепте оқиды, өзгесі онлайн білім алып жүрген. Соңғы тәулікте №3 орта мектептің екі оқушысынан COVID-19 анықталды. Олар қашықтан білім алып жүрген балалар. Ата-аналарынан вирус жұғып отыр»,– деді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшының орынбасары Мұхтар Сербаев.
Қазір Ақтөбе облысында 14 инфекциялық ошақ бар. Барлығы эпидемиолог дәрігерлердің бақылауында.
«Ақтөбе облысының аумағында блокпост жоқ. Ақпан айынан бастап Мәртөк ауданындағы «Жайсаң», Қарғалы ауданындағы «Әлімбет» санитарлық-карантиндік пункттері жұмыс істеп тұр. Ал 6-қазан күнінен бастап «Әлімбет» санитарлық-карантиндік пункті арқылы 15 730 адам, Жайсаң» санитарлық-карантиндік пункті арқылы 33 048 адам өтті. Шекарадан өткен 47 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Облыс бойынша мониторингтік топтар рейд жүргізуді жалғастырып жатыр. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 425-бабы 1-бөлігі бойынша 169 миллион теңге айыппұл салынды. Бүгінгі күні үйлестіру орталықтарынан келіп түскен шұғыл хабарлама негізінде жоспардан тыс 19 тексерулер жүргізілді. Тексеріс қорытындысы бойынша 18 объектіге 5 028 180 теңге көлемінде айыппұл салынды, 18 ұйғарым берілді. Сонымен бірге 13 объектінің жұмысын тоқтату үшін әкімшілік сотқа материал жіберілді»,– деді Мұхтар Сербаев.
Айта кетейік, қазіргі кезде барлығы 112 адам коронавирус инфекциясынан ем қабылдап жатыр. Оның 24-і инфекциялық стационарда жатыр.
«Өткен тәулікте 5 адамнан пневмония анықталды. Жалпы облыста 61 адам стационарда ем қабылдап жатыр. Оның 49-ы Ақтөбе қаласында, өзгесі аудандарда. Қазір 8 адам жансақтау бөлімінде»,– деді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров.
Ақтөбеде мереке күндері рейд жүргізіледі. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасар Мұхтар Сербаев өңір тұрғындарын барынша сақ болуға шақырды.
«Бүгінгі таңда облыстағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Егер тұрғындар шектеу шарасын сақтамайтын болса,бұл эпидахуал көрсеткіші түбегейлі өзгеруі мүмкін. Баршаңызды бетперде тағуға, қолды жиі жуып, антисептиктерді пайдалануға, әлеуметтік арақашықтықты сақтауға шақырамын. Осы орайда облыс тұрғындарына түрлі мерекелік іс-шараларды, тойлар мен отбасылық іс-шараларын өткізуге тыйым салынғанын тағы да естеріңізге саламыз»,– деді М.Сербаев.