Алматыда COVID-19 инфекциясын жұқтырған екі науқастың жағдайы ауыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бірінде антибиотикке аллергиясы және обструктивті өкпе ауруы болса, екіншісінде екі жақты пневмания болғандықтан, науқастар жасанды өкпе вентеляциясы аппаратына қосылған. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев мәлімдеді. Оның сөзінше, қазір қалада 80 науқас ем қабылдап жатыр. Олардың 68-інің жағдайы қанағаттанарлық болса, қалған 10 адамның жағдайы орташа ауырлық деңгейде. Сондай-ақ, басқарма басшысының айтуынша, барлық медицина мамандары үй-жай және күнделікті тамақпен қамтамасыз етілген.
«Алдыңғы шепте жүргендердің бірі инфекциялық аурухананың қызметкерлері. Олар қаладағы ең жақсы қонақ үйлерде жатыр. Сондай-ақ, COVID-19-бен күресіп жатқан өзге де медицина мамандары Алматыдағы қонақ үйлер мен жатақханаларға орналастырылды. Олар штаб қаражатынан уақытылы тамақтанып жатыр», – деді қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан ӘБІЛДАЕВ.