Елордада 4 650 медицина қызметкері мен 1 799 мұғалімге вакцина салынды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Халықты коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау жалғасуда. Бүгінгі күні 9 988 адам вакцинациядан өтті, оның ішінде: 4 650 медицина қызметкері, 1 799 мұғалім бар. Екпе алғаннан кейін денсаулықтың нашарлау жағдайлары болған жоқ», - деді Т. Мұратов елорда әкімдігінде өткен онлайн брифингте. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетудің 36 ұйымында бірінші және екінші компоненттерге арналған 2 вакцинация бөлмелері, вакцинациядан кейін пациентті бақылауға арналған күту бөлмелері тұрақты жұмыс істейді.
«Барлық емханаларда тоңазытқыш қондырғылары, вакциналарды қоймадан екпе салу мекемесіне тасымалдауға арналған термиялық контейнерлер бар. Вакциналар барлық санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сай сақталады»,– дейді Т. Мұратов.
Бұған дейін Тимур Мұратов елордадағы эпидемиологиялық жағдайды шілде айындағы ауыр кезеңге теңеген еді. Коронавирус инфекциясы науқастарының өсімі Наурыз мейрамынан кейін байқалды. Астаналық дәрігерлер мен барлық медициналық қызметкерлер қайтадан екі есе жүктемеде жұмыс істеп жатыр. КВИ-мен күресу үшін 11 стационар ұйымдастырылды, оның ішінде 10 инфекциялық, бір карантиндік стационар («Ramada Plaza» қонақ үйі базасында) бар. Қосымша үш ұйымның базасында 300 инфекциялық төсек-орын ашылуы мүмкін.