Үй карантинінде науқастардың өзін-өзі оқшаулау талаптарын сақтамауына байланысты ауру жұқтыру жиілеп отыр
Батыс Қазақстан облысында бір отбасынан бес адам коронавирус жұқтырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, үй карантинінде науқастардың өзін-өзі оқшаулау талаптарын сақтамауына байланысты коронавирус жұқтыру жиілеп отыр.
Атап айтқанда, Бөрлі ауданында бір отбасыдан – 5, Тасқалада – 4, Теректіде 3 адамнан індет табылды. Желтоқсан айында 886 науқас тіркелсе, соның 518-і немесе 58,5 пайызы Орал қаласының үлесіне тиеді. Сондай-ақ Бөрлі (133, 15 пайыз) және Бәйтерек (103, 11,6 пайыз) аудандарында көп тіркеліп отыр. М.Арыспаевтың сөзіне қарағанда, өңірде 1-25 желтоқсан аралығында мемлекеттік шекарадан 23916 адам өтсе, соның 4084-і – жолаушылар. Анықтамасыз өткен 721 жолаушының төртеуінен коронавирус анықталды. Халықаралық жүк тасымалымен айналысатын 12048 жүргізушінің 4175-інде анықтама болған жоқ. Бұлардың тоғызынан індет табылды. Сол секілді желтоқсан айында Германия мен Египеттен 6 халықаралық әуе рейсі және Мәскеуден бір чартерлік рейс келді. 483 жолаушының ішінде анықтамасы болмаған 79-ы карантиндік стационарға орналастырылып, сынама алынды. Олардың бәрі де сау болып шықты. Осы айда өңірде барлығы 38971 адам зертханалық тексеруден өтті. Ал індет басталғалы 248129 адамнан сынама алынды. Күні бүгін облыс ПТР диагностикасы үшін 63837 зерттеуге арналған 1276 тест жүйесімен қамтамасыз етілген.
«Желтоқсан айында мониторингтік топтар 176 нысанда санитарлық талаптың бұзылғанын анықтады. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 425-бабы 1-бөлігіне сәйкес 87 хаттама (соның ішінде 20-сы – көп адамның қатысуымен өткен іс-шаралар) толтырылып, 5 млн астам теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұл бағыттағы жұмыстардың жалғасып жатқанын еске сала отырып, облыс тұрғындарынан жаңажылдық мереке күндері санитарлық талапты сақтауды өтінеміз»,– деді М.Арыспаев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да індет жұқтырған жүкті әйелдің алыс ауданнан санавиациямен жеткізілгенін жазған болатынбыз.