Өңірде 13 сәуірден бастап карантин жарияланады
Павлодар облысында 13 сәуірде карантин енгізіледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасай отырып.
Павлодар облысының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Зәмзәгүл Дощанова ресми қаулы қабылдады. Қаулыға сәйкес, Павлодар облысының аумағында 2020 жылғы 13 сәуірде сағат 00.00-ден бастап кәсіпкерлік және (немесе) өзге қызметтердің және тұрғындар өмірінің ерекше шарттарымен карантин режимі енгізіледі.
Құжатта көрсетілген негізгі талаптарға орай, ерекше жағдайда жұмыс істейтін азаматтарды қоспағанда, өзгелерге қала-аудандардың аумағына кіріп-шығуға тыйым салынады.
«Облыстағы елдімекендердегі карантиндік аумақтар бақылауға алынып, теміржол және автовокзалдардың жұмысы уақытша тоқтайды. Сонымен қатар білім беру мекемелері, екінші деңгейлі банктердің жұмысы тоқтайды. Тамақ өнімдері мен дәрі-дәрмек саудаланатын нысандардың жұмыс режимі таңғы 9:00-ден 20:00-ге дейін шектеледі», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ азаматтар тұрғылықты жерден тыс аумақта жүргенде маска кию режимін сақтауы керек. Әзірге карантин мерзімі қашанға дейін ұзаратыны белгісіз. Карантин басталғанға дейін жергілікті атқарушы билік түсіндіру жұмыстарын да жүргізеді.
Айта кетсек, облыста коронавирустық инфекция жұқтырудың 9 дерегі тіркелді. Бір оқиға өліммен аяқталды. Ал бір азамат аурудан айықты.