Індет көзі – отбасы мүшелері
Батыс Қазақстан облысында қаңтар айының алғашқы күндері 6 бала коронавирус жұқтырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, өңірде қыркүйек айынан бері індет жұқтырған 211 бала тіркелді.
Соның ішінде қыркүйекте – 4, қазанда – 5, қарашада – 102, желтоқсанда – 78, қаңтарда 6 бала ауырды. Оған қоса 16 балабақша тәрбиеленушісінен (12-сі – қарашада, төртеуі – желтоқсанда) коронавирус табылды. Індет көзі – отбасы мүшелері.
Күні бүгінге дейін облыста 9 367 адам сырқаттанса, соның 8 096-сы жазылып шықты. 169 адам өмірден өтті.
Пневмонияға шалдыққан 151 адам стационарда, 49-ы амбулаторлық ем алды. Пневмониядан барлығы 239 адам көз жұмды.
Қазіргі таңда жасанды тыныс алу аппаратына – 4, оттегі концентраторына – 4, орталықтандырылған оттегі көзіне 35 адам қосылған.
Жұқпалы аурулар ауруханасында 174 адам ем алып жатса, 23 адам карантин стационарында. Жансақтау бөлімінде жатқандар саны өсіп, 19-ға жетті.
Облыста 10 зертхана жұмыс істейді. Соңғы тәуліктерде 1 408 сынама алынып, зерттеу жүргізілген.