Орталық ауруханадағы COVID-19: тергеу жұмыстары аяқталды

26.05.2020 19:20

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты

Фото:almaty-cgkb.kz

Алматыдағы Орталық қалалық ауруханада коронавирус жаппай таралуына байланысты жүргізілген тергеу жұмыстары аяқталды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Министрдің айтуынша, вице-министр Людмила Бюрабекова Алматыға барып, аурухана басшылығымен және медициналық қызметкерлермен кездеседі.

Сондай-ақ, тергеу мәліметтерінің прокуратураға жолданатыны айтылады.

«2020 жылдың 5-14 мамыры аралығында 14 адамнан құралған комиссия – ұлттық және халықаралық деңгейдегі эпидемиологтар, зертхана мамандары, медициналық ассоциациялардың өкілдері Алматыдағы Орталық қалалық ауруханада коронавирус инфекциясының жаппай таралуына байланысты тергеу жүргізді. Бүгін мен осы эпидемиологиялық тергеу бойынша қорытындыны алдым», – деді Елжан Біртанов.

Министрдің айтуынша, тергеу қорытындысы бойынша қажет шешімдер қабылданды.

«Орталық қалалық ауруханада вирус жұқтырған қызметкерлерге еңбек жарамсыздығы парақшасы бойынша төлем жасалады. 11-23 сәуірде карантин жағдайында жұмыс істегені үшін 350 қызметкерге үстеме ақы берілді. Жалпы сомасы 59 миллион теңге үстеммақы берілді», – деді Біртанов.

Еске салайық, бұл аурухана 22 сәуірде өз қызметін тоқтатқан болатын. Ал кейінірек аурухананың бас дәрігері ауысқаны хабарланды.