Алдын алудың ең тиімді әдісі – маска тағу
Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн-сұхбат барысында №24 қалалық емхананың бас дәрігері Жәмила Баттақова тұрғындарды салтанатты іс-шараларға баруды шектеуге және алдын алу шараларын сақтауға шақырды, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Үйлену тойларына, басқа да салтанатты іс-шараларға, жерлеу рәсімдеріне баруды шектеу керек. Адамдар көп жиналатын жерден аулақ болу керек. Әлеуметтік қашықтықты сақтау маңызды», – деді ол.
Сондай-ақ, дәрігер жеке гигиена шараларын сақтаудың, бөлмені желдетудің және ең бастысы маска тағудың маңыздылығын атап өтеді.
«Алдын алудың ең тиімді әдісі – маска тағу. Бұл жұқпалы ауру. Сондай-ақ, жеке гигиена шараларын сақтау, үйді, ғимаратты желдету, қолды үнемі жуу», – деп толықтырды ол.
Сонымен қатар, дене қызу көтеріліп, жөтел, тыныс алудың қиындауы, ентігу, иіс, дәм жоғалту, жалпы әлсіздік сияқты белгілер пайда болған кезде дәрігер дереу медициналық көмекке жүгінуді ұсынады.