Лондонда төтенше жағдай жарияланды

19.12.2021 19:30
ҚазАқпарат

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «омикрон» штамының қауіпті қарқынмен таралып жатқанын ескертеді. Нидерланд тағы да қатаң локдаун енгізді, жаңа штамның пайда болуына байланысты Лондонда төтенше жағдай жарияланып, Премьер-лиганың алты матчының бесеуі кейінге қалдырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Статистикаға сәйкес, пандемияның кезекті толқыны келе жатыр, алайда вирусты жұқтыру қарқыны азайып келеді. Джонс Хопкинс Университетінің деректері бойынша, соңғы аптада әлемде 4,3 миллион адам вирус жұқтырған, бір апта бұрын бұл көрсеткіш 4,36 миллион болған. Ашық деректерге сай, вакциналау қарқыны жоғары: қазіргі жағдай бойынша әлемде 8 миллиард екпе салынған. Ұлыбритания жаңа мутациядан қатты зардап шегуде. Мұнда үш күн қатарынан пандемияның басынан бергі ең көп жұқтыру жағдайы тіркеліп отыр: өткен жұма күні 93 мың жұқтыру жағдайы тіркелді, сенбі күні бұл көрсеткіш аздап төмендеді (90,4 мың). Жаңадан пайда болған «омикрон» штамын 25 мың британдық жұқтырған. Лондонда төтенше жағдай режимі жарияланды Сенбі күні Лондон мэрі Садик Хан қалада төтенше жағдай енгізді. Оның айтуынша, өткен тәулікте індеттің 26 мың жағдайы тіркелген. Оған қоса, вирус жұқтырған медициналық қызметкерлер қатары көбейіп жатыр. Ол ауруханаға түскендердің басым бөлігінің вакцина алмағанын атап өтті. Мэр азаматтарды тез арада вакцинаның үшінші дозасын салдыртуға шақырды. Ол үшін жақын арада арнайы жаңа вакциналау орталықтары ашылмақ. 

«Омикронның» салдарынан осы аптада ағылшындық Премьер-лиганың алты ойынының бесеуі кейінге қалдырылды. Футболистер арасында жұқтыру жағдайлары көбейген. Нидерландта қатаң локдаун Эпидемиологиялық ахуалдың өршуіне байланысты Нидерланд билігі қатаң локдаун енгізді. Премьер-министр Марк Рютте жексенбіден бастап күшіне енетін карантин шараларын жариялады. «Нидерланд қайтадан жабылады. «Омикрон» штамы бесінші толқынға себепші болып отыр. Бұл штамм біз ойлағаннан да тез таралуда, сол себепті жағдай ушығып кетпес үшін әрекет ету керек», деді ол сенбі күні баспасөз мәслихатында. 

Қазіргі кезде Нидерландта жұқтыру қарқыны аса тез емес, оған қоса, халықтың 85% екпе салдырған. Алайда үшінші дозамен халықтың 9% ғана егілген. Бұл Еуропадағы ең төмен көрсеткіштердің бірі. Рюттенің айтуынша, локдаунсыз ел ауруханаларында адам айтқысыз жағдай орнауы мүмкін. Карантин шаралары кем дегенде қаңтардың ортасына дейін жалғаспақ. Басқа да Еуропа елдері қатаң шектеулер енгізуде. Әзірге жаңа шараларды енгізу туралы Франция, Германия және Ирландия мәлімдеді. Германия Британиядан келушілерге карантин енгізді Дүйсенбіден бастап Германия Британиядан келушілерге карантин режимін енгізеді. Сонымен қатар елге кіру үшін коронавирусқа тестілеудің теріс нәтижесі көрсетілуі тиіс. Бұдан былай ел үкіметі Британияны инфекцияланған аумақ ретінде қарастыратын болады. Бұл дегеніміз, Германия шекарасынан өткен азаматтардың барлығы екі апталық оқшаулаудан өтуі тиіс дегенді білдіреді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы: «Омикрон» әлемнің 89 елінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымның хабарлауынша, «Омикрон» штамы әлемнің 89 еліне таралып үлгерген. Ұйым деректеріне сай, жұқтыру жағдайлары орташа алғанда әр үш күн сайын екі еселеніп отыр. «Омикрон» «Дельта» штамымен салыстырғанда анағұрлым тез жұғады. Сарапшылар Еуропа мен АҚШ-та аталмыш штамның күрт таралуына алаңдаушылақ білдіруде. Егер қарқын осылай жалғасса, дамыған елдердің де денсаулық сақтау жүйесіне қауіп-қатер туындауы мүмкін. ДДСҰ бұл, әсіресе Ұлбыритания мен Оңтүстік Африка Республикасының денсаулық сақтау жүйесіне қатерлі екенін ескертті.