Жамбыл облысында 80 пайыздан астам науқас емделіп шықты

bilimdinews.kz
bilimdinews.kz
Күн сайын 70-ке жуық науқас стационарлардан шығарылуда
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жамбыл облысында қабылданған жедел шаралардың арқасында коронавирустық инфекциямен күресте бірқатар оң нәтижелерге қол жеткізілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.

Атап айтсақ,  аталған дерттен сауыққандар саны арта түскен. Ресми мәліметтерге сәйкес, 5 тамыздағы жағдай бойынша Жамбыл облысында коронавирустық инфекцияның расталған жағдайларының саны 3724-ке жетсе, бүгінде оның 3019 сауығып, ауруханалардан шығарылды. Бұл жалпы тіркелген жағдайлар санының 81 пайызын құрайды. Күн сайын 70-ке жуық науқас стационарлардан шығарылуда. 

«Соңғы аптада инфекциялық стационарлар мен провизорлық стационарлардағы науқастар саны 15,4 пайызға, реанимация бөлімшелерінде 24 пайызға азайды», – дейді денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Хамит Мырзақасымов. 

Инфекциялық және провизорлық стационарлардағы пациенттер қажетті дәрілік препараттармен қамтамасыз етілген. "СК-Фармация" ЖШС-мен бірлесе отырып, 7,6 млрд. теңгенің дәрі-дәрмектері жеткізілген. Х. Мырзақасымов облыстық медициналық мекемелерде дәрі-дәрмектердің бір айлық қоры қалыптасқанын айтады. Ауруханаларда 476 оттегі концентраторы, 167 ӨЖЖ аппараты бар. Маусым айымен салыстырғанда  ӨЖЖ аппарарттарының саны 30 пайызға, оттегі концентраторларының саны 70% - ға артты. 

«Дәрігерлер ауруханадан шыққаннан кейін де науқастардың жағдайын бақылауды жалғастыруда. Оларға бұл істе емханалар базасында құрылған мобильді топтар көмектесуде. Топ мүшелері шығарылған емделушілердің жағдайын тексеріп, қажетті көмектер көрсетеді», – дейді басқарма басшысының орынбасары. 

Сонымен қатар, аталған мобильді топтар үй карантиніндегі тұрғындарды да бақылауға негізделген. Облыс бойынша барлығы 214 мобильді топ жұмыс істейді десек, олардың құрамына 642 маман енген. Қазіргі таңда эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтану үрдісі байқалуда. Өткен аптада коронавирус ауруы 1,2 есе, пневмония-2,6 есе төмендеген. Ал, жедел жәрдем шақыру қоңыраулар саны 11,4 пайызға азайған. 


«Бүгінде коронавирустық пандемияның екінші толқынына қызу дайындық жұмыстары жүргізілуде. Қосымша тағы 1600 провизорлық және инфекциялық төсек орындарын ашу, үш айлық дәрі – дәрмек қорын қалыптастыру жоспарлануда», – деп түйіндеді Х.Мырзақасымов.



Новости партнеров