Қазақстанда коронавирусқа шалдығу көрсеткіші 36 пайызға төмендеді. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуы бойынша, 1 тамыздан бастап елімізде инфекциялық төсек-орындар жүктемесі 56-дан 33 пайызға, реанимациялық төсек-орын жүктемесі 45-тен 32 пайызға азайған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Республикада 57 ковидтік стационар жабылды. 7,5 млн-нан астам адам вакцина салдырған.
«Халықты вакцинациялау жалғасып жатыр. Бүгінде екпенің 1-компоненттін 7,5 млн-нан астам адам алған. Ол халықтың санының 75,8 пайызын құрады. 2-компонентті 6,4 млн-нан астам адам алды. Бұл екпе алуы қажет халықтың 64,7 пайызына тең. Вакцинаны жеткізу кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Вакцинация әлі де коронавирус инфекциясының алдын алудың жалғыз жолы болып отыр», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Сонымен қатар елімізде тұмауға қарсы екпе салу науқаны да жалғасып жатыр. Қазіргі таңда 270 мың адам вакцина алған.
«Тұмау мен басқа да респираторлық инфекциялар бойынша профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шара қолдану қажет. Тұмауға қарсы вакцинациялау үшін 2,5 млн доза екпе әкелінді. Халықты тұмауға қарсы вакцинациялауды жандандырып, медицина ұйымдарының тұмау жұқтырған науқастарды қабылдауға әзірлігін қамтамасыз ету қажет», – деді ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин.