Нұр-Сұлтанда ұжымдық, салтанатты, отбасылық және басқа да бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салынған
Карантин шаралары кезінде қоғамдық тамақтану орындары бас санитар дәрігер қаулысына сәйкес қатаң ережені сақтау тәртібімен жұмыс істеуде, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Нұр-Сұлтан қаласында шектеу шараларын кезең-кезеңімен жеңілдету туралы (екінші кезең) қаулыға сәйкес, санитарлық талаптарды сақтау жалғасуда. Қоғамдық тамақтану нысандары (мейрамхана, дәмхана, бар, асхана) күшейтілген санитариялық-профилактикалық іс-шараларды сақтай отырып, ғимараттың ішінде 30-дан артық емес және жазғы алаңда 30-дан артық емес орындықтардың толымдылығы бойынша шарттарды сақтап жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар, көрші үстелдердің шеткі орындары арасында кемінде 2 метр әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, бір үстелге 4-6 адамнан аспайтындай етіп отырғызуы керек. Мейрамхана бизнесінің жағдайы Елордадағы мейрамхананың қаржы директоры Арслан Айнақұловтың айтуынша, карантиннің бірінші кезеңінде мейрамхана жұмысын басқару қиын тиген.
«Қатаң карантин шараларына тоқталсақ, қоғамдық тамақтану нарығында елеулі шектеу болатынына ешкім де дайын болмады. Бұл кезеңнің ауыртпалығын ескере отырып, біз басқарудың жаңа тәсіліне көштік. Осы уақытта тағамды үйге жеткізуді пысықтап, ас мәзірін өзгерттік және сайтты қайтадан жасап шығардық. Бұл ретте жұмыс қарқынын күшейту нәтижесі өзінің жемісін берді, яғни тағамды үйді-үйге жеткізуге екпін қойдық. Карантин кезінде жеткізу бойынша ақша түсімін 15-20 есеге арттыру мүмкін болды. Елеулі кіріс болмаса да, қарызға батпадық. Қызметкерлердің еңбекақысын уақытылы беруге тырыстық», -дейді А. Айнақұлов.
Сонымен қатар ол қатаң шектеу шаралары кезеңінде мейрамхана басшылығы өздерінің қызметкерлерін қысқартпағанын айтты. «Біз қиын кезеңде дәрігерлер мен өз қызметкерлерімізді қолдадық. Дәрігерлер үшін қосымша тамақтандыру бойынша қайырымдылық акциясын ұйымдастырдық. Тағамды еріктілердің көмегімен ауруханаларға жеткіздік», - дейді ол. Санитарлық шаралар қалай сақталды? «Күніне бес мәрте қызметкерлердің дене қызуын тексеруді есепке алудың табелі жүргізіледі. Санитарлық нормалар бойынша қатаң талап бар. Денсаулық журналы да жүргізіледі. Дезинфекция міндетті түрде жасалып тұрады. Сәйкесінше, маска тағу, медициналық қолғаптың болуына ерекше назар аударылып отыр. Бізде бейнекамералар орнатылған, сондықтан талаптардың орындалуын қадағалауда ұстаймыз. Меймандар үшін, әр қызметкер үшін антисептик қойылған», - дейді мейрамхана иесі. Адамдардың жақын арақашықтықта байланысуына жол бермеу мақсатында арнайы ас мәзірі дайындалды. Осы орайда QR-код әзірленіп, оның кодын әр үстелге орнатқан. Әр мейман телефон камерасын кодқа жақындатып, мейрамхананың ас мәзірін ашады.
«Қонақтар орынды босатқаннан кейін әр үстел мен орындықты егжей-тегжейлі тазалықтан өткіземіз. Бізде тазалау мен дезинфекцияның тиісті кестесі бар және оның барлығы орындалады», - дейді А. Айнақұлов.
Сонымен қатар ол ыдыстар карантинге қарамастан толықтай дезинфекциядан өтетінін жеткізді.
«Тиісті өңдеуден өткізу процестері бар. Бұл ереже жалпы барлық қоғамдық тамақтану орындарына тиесілі. Осы санитарлық шараларды үнемі сақтау керек», - дейді А. Айнақұлов.
Елордада жаз мерзімі ұзаққа созылмайтыны белгілі, қазіргі кезде күн біртіндеп салқындап келеді. Сәйкесінше, таяу арада дәмханалардың жазғы алаңында тамақтану мүмкін болмайды. «Мейрамханалардағы жазғы кезең мамырда басталып, қыркүйек айының басында аяқталады. Осы орайда техникалық шешімдер арқылы, яғни жел мен жауын-шашыннан қорғайтын тиісті құрылыстарды тұрғызу керек. Алайда ол үшін қаражат пен уақыт керек. Жалпы, күн сайын біздің меймандарға қолайлы болуы үшін түрлі ұсыныстарды пысықтаумен боламыз», - дейді мейрамхананың қаржы директоры. Оның сөзіне қарағанда, қиын кезеңде мемлекет тарапынан елеулі көмек жасалды. Бизнесті тексеруге мораторий енгізілген, сондай-ақ салықтан босату қадамдары іске асырылып отыр. Төтенше жағдай кезіндегі кофехана бизнесі Елордадағы кофехананың иесі Кәмшат Сайын қатаң карантин шағын нысандарға ауыр тигенін атап өтті.
«Кофе бизнесі адамдардың көптеп келетінін ескере отырып құрылады. Біз ашылғаннан кейін төрт айдан соң карантинге тап болдық. Төтенше жағдай режимі аясындағы алғашқы карантин біз үшін өте қиын болды, жұмысты жүргізе алмай қалдық. Карантин шараларының бірінші кезеңінде біздің нысан жеткізіп беру режимінде қызмет етті. Ғимарат ішін толықтай дезинфекциялық заттармен өңдеп шықтық, бір рет пайдаланылатын ыдыстар ғана таратылды. Тиісті санитарлық шараларды қазір де сақтап келеміз. Төтенше жағдай кезінде қаржы жағынан табыстан қағылдық. Біздің бизнес үшін шынымен де қиын болды. Сол кезеңде күніне тек екі-үш клиент келетін», - дейді К. Сайын.
Сонымен қатар ол санитарлық нормаларды орындаудың мән-жайына тоқталды.
«Адамдардың қауіпсіздігін басты талап ретінде қарастырамыз. Бізде екі адам қызмет етеді. Кофехананың аумағы - 50 шаршы метр. Сәйкесінше, осы аумақты күтіп ұстау аса қиын емес. Кофехана ашылғалы бізде үстелдер арасындағы арақашықтық талабы сақталып келеді», - дейді Кәмшат Сайын.
Еске сала кетейік, Нұр-Сұлтан қаласы бас мемлекеттік санитар дәрігерінің 29 тамыздағы қаулысына сәйкес, мейрамханалар мен дәмханалардың жұмыс күндеріндегі жұмыс кестесі 9:00-ден 23:00-ге дейін, жеке иелік аумақтар мен тұрғын үй ғимараттарында орналасқан объектілер үшін жұмыс кестесі сағат 9:00-ден 22:00-ге дейін белгіленген. Ал демалыс және мереке күндері қоғамдық тамақтандыру объектілерінің жұмысы тек ашық ауада отыратын орын саны 30-дан аспайтындай жұмыс кестесі сағат 9:00-ден 22:00-ге дейін, сондай-ақ тамақ жеткізуге жұмыс кестесі сағат 9:00-ден 23:00-ге дейін белгілене отырып рұқсат берілген. Бұл ретте ұжымдық, салтанатты, отбасылық және басқа да бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салынған.