Коронавирус және пневмониядан жазылып шыққандарды оңалту тәртібі қандай

24.09.2020 20:12

Сондай-ақ, үйде емделіп, медициналық ұйымдарға жүгінбеген азаматтарға 3 кезеңді оңалту қарастырылған

Фото: ашық дереккөзден

Коронавирус инфекциясымен және орташа ауыр, ауыр және аса ауыр пневмониямен ауырып жазылған қазақстандықтар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаражаты есебінен оңалтудан өтеді. Бұл туралы аталған қордың басқарма төрағасы Болат Төкежанов мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Оның айтуынша, коронавирус инфекциясы мен орташа ауыр, ауыр және өте ауыр дәрежелі пневмониямен ауырған науқастар медициналық оңалтуға жатады. Медициналық оңалтуға жолдама реабилитологтың қатысуымен аурухананың немесе емхананың мультидисциплинарлық командасының қорытындысы бойынша беріледі.

«Көрсеткіштерді бағалаудың негізгі критерийлері: тыныс алу функциясы, күнделікті өмірге қабілеттілік. Өте ауыр және ауыр дәрежедегі КВИ немесе пневмониямен ауырған пациенттер тәулік бойы стационар деңгейінде 2 кезеңдегі оңалтуға жатады, кейіннен 3 кезеңге ауыстырылады. Орташа ауыр КВИ/пневмонияға шалдыққан пациенттер тәуліктік стационар деңгейінде, оның ішінде санаторий-курорттық жағдайда, күндізгі стационарда және амбулаториялық-емханалық деңгейде 3 кезеңдегі оңалтуға жатады. Сондай-ақ, үйде емделіп, медициналық ұйымдарға жүгінбеген азаматтарға 3 кезеңді оңалту қарастырылған. Әрине, олар да мультидисциплинарлық команданың тексеруінен өтуі керек»,– деді ол.

Төкежанов қазірдің өзінде коронавирус инфекциясы мен пневмониямен ауыратын науқастарды ерте оңалту ауруханада емделу кезінде «Коронавирус инфекциясы - COVID-19» клиникалық хаттамасының 10-редакциясына сәйкес жүзеге асырылып жатқанын еске салды.

Жалпы, оңалту қызметтерін көрсету үшін биыл Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 559 жеткізушімен 46,7 млрд теңгеге шарт жасасты. Олардың қатарында 203 жеке медициналық ұйым бар.

«Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы бекітілгеннен кейін, Қор коронавирус немесе пневмониядан жазылып шыққан, медициналық оңалтуға мұқтаж сақтандырылған пациенттердің емін қаржыландыруға дайын»,– деді басқарма төрағасы.