Соңғы тәулікте 87 адамның ауырғаны тіркелді
Батыс Қазақстан облысында бір аптада 665 адам коронавирус жұқтырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
БҚО денсаулық сақтау басқармасы мәлім еткеніндей, соңғы тәулікте 87 адамның ауырғаны тіркелді.
Індет басталғаннан бері 11058 адам сырқаттанса, соның 9068-і жазылып шықты. 197 адам көз жұмды.
Қазіргі кезде жасанды тыныс алу аппараттарына 9, оттегі концентраторына 12, орталықтандырылған оттегі көзіне 55 адам қосылған.
Жұқпалы аурулар ауруханаларында 286, карантиндік стационарларда 32 адам ем алуда. 22 адам жансақтау бөлімінде жатыр.
Қаңтарда ауырған балалар саны 131-ге жетті. Қыркүйек айынан бері барлығы 336 бала коронавирус жұқтырды.
Мұнай кен орындарында жұмыс жасайтын ірі кәсіпорындардан «Жайықмұнай» ЖШС-да қаңтар айында 21, «ҚПО б.в.» компаниясында 29 адамның ауырғаны анықталды.
Өңірде барлығы 13 зертханада 49320 зерттеуге арналған 986,02 тест жүйесі бар.
Соңғы тәулікте 1966, індет басталғаннан бері 321548 ПТР зерттеу жүргізілді. Соңғы аптада (25-31қаңтар) Call орталықтың 109 телефонына 3100 қоңырау шалынса, соның 302-сі коронавирусқа қатысты болды.